Қайырлы істің қайтарымы мол

Уақыты: 07.03.2024
Оқылды: 415

Жетіспей жүргенді жебеу, қиналып жүргенді қолдау, тағдыр тәлкегіне ұшыраған тағдырларға демеу көрсету жалпы адамзатқа ортақ құндылық.  

Осындай адамдарды көпшілікке таныту арқылы жастарды қайырымды істерге ынталандыратын Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы, Назарбаев қоры, «КТК» телеарнасы  ұйымдастырған «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауының марапаттау салтанаты Астана қаласындағы «Астана балет» театрында өткен. Оған республиканың түкпір-түкпірінен байқауға өтінім берген үміткерлердің арасынан «Асар», «Туған жер», «Батыл жүрек», «Мейірім жолында», «Қайырымдылық тарихы» номинациясының жеңімпаздары қатысты. Сол байқауда «Асар» номинациясы бойынша бақ сынаған Талдықорған қаласының тұрғыны Ауесхан Мажайқызы «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауының лауреаты атанып, Күміс медальға ие болса, Панфилов ауданының тұрғыны Тілек Байбураев «Батыл жүрек» номинациясы бойынша ынталандыру жүлдесін алып, жетісулықтардың беделін асырып қайтты.  

Жалпы ұлттық құндылықты, өнерді насихаттау барысында табысты еңбек етіп жүргендерге арналған номинацияға қатысқан Ауесхан Мажайқызы жәдігер сақтаушы, ұлттық өнерді насихаттаушы, этнограф ретінде жақсы таныс. Ауесхан апа бүгінге дейін Андас әулетінің ата-бабалары ХVII ғасырдан ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап келе жатқан 3 мыңға жуық жәдігерді сақтап  отыр. Оның 100-ге жуығы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығына беріліп, мемлекеттік тізімге алынса, қалған жәдігерлері де тарихи фильмдерге қолданылып, республикалық, халықаралық көрмелерде таныстырылып келеді. Ал жаркенттік Тілек Байбулаев абайсызда суға ағып кеткен баланы құтқарып, жұрттың алғысына бөленген батыл жүректі азамат.

Әрине, қайырымдылықтың үлкен-кішісі жоқ. Біреулер үйсіздерге баспана әпереді, біреулер айықпас дертке шалдыққандарды емдетеді, енді біреулер мүмкіндігі шектеулі адамдарды өмірге бейімдеуге күш салады. Соның ішінде ұлттық өнерді, рухани құндылықты, мәдени құндылықты өркендетуге бағытталған қайырымдылықтың болашағы ұзақ болары анық. Өйткені, ол көзге көрінбегенмен ұлттық сананың қалыптасуы мен ұлттық құндылықтың бәсін көтеруге мол үлес сіңіреді. Осы арқылы ұлттық мемлекет құруға еңбек етеді. 

Астанада өткен шараның жалғасы Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы Жетісу облыстық филиалының ұйымдастыруымен Талдықорғандағы Атамекен кәсіпкерлер палатасының «Көрме» кешенінде өтті. Онда «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауының лауреаттары мен облыстық кезеңде топ жарғандар  марапатталды. Олардың жетістіктеріне Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл  сәттілік тілеп, республикалық байқауда лауреат атанғандарға өз атынан Алғыс хат берді. Сондай-ақ, басқа жеңімпаздарға «Қайырымдылық керуені» байқауының статуэткасы және Алғыс хатын тапсырды. 

"Жетісу-Ақпарат"