ҚАПШАҒАЙ МАҢЫНДА КЕНЕТТЕН КӨЛІК АУДАРЫЛЫП, БЕС АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ

Уақыты: 15.08.2021
Оқылды: 1171
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қапшағай маңында жантүршігерлік жол апаты тіркелді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Алматы облысы полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, жол апатынан бес адам көз жұмған. Қайғылы оқиға түстен кейін, сағат 15:30 шамасында, Алматы-Өскемен автожолының 122-нші шақырымында болған.

Daewoo Nexia маркалы жеңіл көлік оңтүстік бағытта жүріп келе жатып, кенеттен аударылған. Алдын ала болжам бойынша жүргізуші рөлге ие бола алмай қалған. Бес адам оқиға орнында тіл тартпай кетті. Оның ішінде, екеуі бала. Ал көліктің жүргізушісі мен бір жолаушы әртүрлі жарақатпен Қапшағай қалалық ауруханасына жеткізілді.

Аталған оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 4-тармақшасына сәйкес іс қозғалды. Барлық сараптамалар тағайындалды. Жол апатының нақты себебі анықталып жатыр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"