ІЛЕ АУДАНЫНДА АЗЫҚ-ТҮЛІК ПЕН ӘРТҮРЛІ БҰЙЫМДАР САТАТЫН ДҮКЕН ӨРТЕНДІ

Уақыты: 16.08.2021
Оқылды: 789
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Іле ауданының Чапай ауылында дүкен отқа оранды. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Кеше кешкі сағат 16:19-да төтенше жағдай қызметіне Іле ауданында дүкен өртеніп жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына өрт сөндірушілер жедел жетті. Төтенше жағдай қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап, аумағы 20 да 40 болатын бірқабатты дүкеннің отқа оранып жатқанын растады. Дүкен сегіз бөлікке бөлінген, мұнда азық-түлік пен шаруашылық заттары сатылған. Он метр қашықтықтағы өрт сөндіру нүктесі арқылы су үзіліссіз беріліп, бір сағат ішінде тілсіз жау ауыздықталды. Дүкеннен шыққан өрт жақын маңдағы тұрғын үйлерге, жеке секторларға тиген жоқ. Зардап шеккендер мен қаза болғандар да тіркелмеді.

Төтенше жағдай қызметкерлерінің мәлімдеуінше, өрт туралы хабарлама кеш түскен. Салдарынан дүкен ішіндегі заттар толықтай жанып кетті. Сонымен бірге, ең жақын өрт сөндіру бөлімшесі дүкеннен 10 шақырым қашықтықта орналасқан. Өртті сөндіруге 22 қызметкер мен 7 бірлік техника жұмылдырылды. Өрт орнында зертхана жұмыс істеп жатыр. Олар өрттің шығу себебін анықтайды.

Төтенше жағдай қызметі тұрғындардан өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды сұрайды. Өрт бола қалған жағдайда 101 немесе 112 телефон нөмірлеріне қоңырау шалыңыз.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"