РАЙЫМБЕК АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ҚАРИЯЛАРДЫ ҚАБЫЛДАП, ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Уақыты: 04.09.2021
Оқылды: 1054
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Райымбек ауданының әкімі Нұржан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ бір топ спорт ардагерлерін қабылдап, лайықты сый-құрмет көрсетті. Өңір басшысы қабылдау шарасында спорт саласы бойынша қолға алынып, жүргізіліп жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.

Нарынқол ауылында заманауи спорттық-сауықтыру кешені салынып, пайдалануға берілді. Алдағы уақытта Сарыжаз, Текес секілді іргелі ауылдарда шағын спорт кешендері салынатын болады. Бұл өсіп келе жатқан жас ұрпақтың спортпен айналысуына жақсы мүмкіндік.

Шарада аудан әкімі ұзақ жылдар ат баптап, бүркіт ұстап, осы саланың дамуына өзіндік үлесін қосқан Рамазан Қонысбаев ақсақалға Алғыс хат тапсырды. Осы орайда ақсақалға облыс тарапынан ақшалай сыйлықтың да болғанын айта кеткен жөн.

Мұндай сый-сияпат аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде спорт нұсқаушысы болып жемісті жұмыс жүргізген, қазір зейнет демалысында жүрген Мұратжан Бейсегеримовке де көрсетілді. Сонымен қатар, қазақ күресінен аудандық спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Дүйсен Мұқи, жеңіл атлетикадан облыстық спартакиада чемпионы Досым Разиванов, аудандық спорт мектебінде бокстан жаттықтырушы Жанболат Ермекбаев, Сүмбе ауылдық округінің спорт жөніндегі нұсқаушысы Дәулет Абзал, аудандық спорт мектебінің қазақ күресінен жаттықтырушысы Медет Жазықбаев марапатқа ие болды.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Райымбек ауданы

Алматы облысы