БАЛАЛАРДЫ СІРІҢКЕГЕ ЖОЛАТПАҢЫЗ! АТА-АНАЛАРҒА МАҢЫЗДЫ ЕСКЕРТУ

Уақыты: 27.09.2021
Оқылды: 1514
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Пәтерде немесе үйде жалғыз қалған бала сіріңке алып, қағазға от қоя алатынын ұмытпаңыз. Сонымен бірге, розеткаға электр жылыту құралын қосуға қабілетті немесе орманда, бақшада және басқа да жерлерде көргені бойынша от жаға алады. Сондықтан, үйде немесе басқа да нысандарда балаларды қараусыз қалдырмауға кеңес береміз.

Мұндайда, әрине, балаларды пәтерде жалғыз қалдыратын, олардан сіріңкені жасырмайтын, мінез-құлқын бақыламайтын, ойындарын қадағаламайтын ата-аналар кінәлі. Балалардың отпен ойнауы өте қауіпті! Сол себепті ата-аналарға өрттің алдын алу мақсатында мынадай кеңес ұсынамыз:

– балаларды үйде қараусыз қалдырмаңыз;

– сіріңкені балалардың қолы жетпейтін жерде сақтаңыз;

– балаларға электр қыздырғыш аспаптарды, шырақтарды, оттықтарды пайдалануға, сондай-ақ, газ аспаптарын қосуға рұқсат бермеңіз;

– балалардың аулада, құрылыс жанында от жағуына жол бермеңіз;

– балалардың шатырлы және жертөле үй-жайларына баруына, егістіктер мен ормандарда құрғақ шөпті өртеуіне тыйым салыңыз;

– балалардың бос уақытын үнемі қадағалаңыз;

– балаларға отпен ойнаудың қауіптілігін үнемі түсіндіріңіз;

– балаларды қадағаламау және оларды үйде жалғыз қалдырудың соңы жиі қайғылы жағдайға әкелетінін есте сақтаңыз;

– өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауда бірінші өзіңіз үлгі болыңыз!

Балалар өрттің қауіпті екенін үнемі біліп жүруі керек. Ол үшін сіздің әңгімелеріңіз, ескертулеріңіз маңызды. Егер өрт балалардың тентектігінен пайда болса, онда ата-аналар заң бойынша жауапкершілікке тартылады.

Есіңізде болсын, бірінші кезекте сіз балаңыздың қауіпсіздігіне жауаптысыз!

Елдос КӨБЕСОВ,

Талдықорған қаласы төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғаныс капитаны

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан