АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЕКІ ІРІ ӨРТ ОШАҒЫ ТІРКЕЛДІ: ТҰРҒЫНДАРҒА ҚАУІП БАР МА?

Уақыты: 28.09.2021
Оқылды: 1295
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында бүгін екі жерден алапат өрт шықты. Оның бірі Іле Алатауы ұлттық паркі аумағында болса, екіншісі Текелі өңіріндегі Қора шатқалында тұтанды. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментіне Қарасай ауданы, Іле Алатауы аумағы, Ақсай шатқалынан 8 шақырым жердегі «Радуга» саяжайы маңында, жетуі қиын, 2000 метр биіктікте жапырақты орман төсеніші және құрғақ шөптің жануы туралы хабарлама келіп түсті. Өрт кезінде ағаштар жанып, алғашқы кезде 3 гектарға дейін жайылды.

Өрт шыққан жерге дереу Алматы облысы төтенше жағдай қызметкерлері мен Ақсай орман шаруашылығы жұмыскерлері жіберілді. Шатқалда түтін әлі де бар. Өрт ошағына Төтенше жағдайлар министрлігі «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы су шашуда.

Төтенше жағдайлар департаментінің күшімен жақын маңдағы аудандық бөлімшелердің қызметкерлерінен, жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінен қосымша топтар құрылды. Штаб Алматы облысы ТЖД бастығы Асқат Тойшыбековтың басшылығымен ұйымдастырылды. Аэровизуалды бақылау үшін ұшқышсыз ұшатын аппараты бар жедел топ-дрон жіберілді.

Өртті сөндіруге Алматы облысы мен Алматы қаласынан барлығы 150-ден аса маман жұмылдырылды. Сондай-ақ, 25 техника тартылған.

Төтенше жағдайлар департаменті елді мекендерге қауіп жоқ екенін ескертеді. Ең жақын елді мекен – Қырғауылды ауылы 12 км қашықтықта және «Радуга» бау-бақшасы 8 км қашықтықта орналасқан.

Алматы облысындағы екінші өрт ошағы Ескелді ауданындағы Қора шатқалы аумағында, алтыншы омарта аймағында тау баурайында тіркелді. Онда құрғақ шөп, бұталар жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті.

Дереу өрт шыққан жерге Алматы облысы ТЖД күштері мен құралдары жіберілді. Өртке әуеден бақылау жүргізілді. Нәтижесінде, өрттің ауданы шамамен 20 га екендігі анықталды. Қора шатқалында әлі де түтіндеу белгілері байқалады. Мұнда да "Қазавиақұтқару" АҚ тікұшағы су шашты.

Өртке байланысты штаб құрылып, үздіксіз байланысты ұйымдастыру үшін командалық-штабтық көлік, ұшқышсыз ұшу аппарат-дроны бар жедел топ аэровизуалды бақылау жасады.

Қора шатқалындағы өртті сөндіруге 100-ден аса маман мен техника жұмылдырылды. Бұл жерде де елді мекендерге ешқандай қауіп жоқ. Ең жақын елді мекен - Текелі қаласы 17 шақырым қашықтықта.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"