ҚАЗАҚСТАН-ҚЫТАЙ ШЕКАРАСЫНДА МАҢЫЗЫ ЖОҒАРЫ ЖАҢА НЫСАН БОЙ КӨТЕРДІ

Уақыты: 27.12.2021
Оқылды: 1198
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстан және Қытай шегаралары аралығындағы бейтарап белдеуде Қорғас өзеніне салынған «Нұрлы Шырақ» шағын су электр стансысы пайдалануға берілді. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Шараға «Қазсушар» РМК бас директоры Алтай Елжасов, Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев және салаға жауапты қызметкерлер қатысты.

Бастапқы құрылысы 2010-2014 жылдары жасалған «Нұрлы Шырақ» шағын су электр стансысын пайдалануға беру мерзімі техникалық себепке байланысты кейінге шегерілген. Биыл қайта қалпына келтіру жұмысы жүргізілді. Оның электр қуатын беру мүмкіндігі 2 МВт құрайды. Бұл кәсіпорынды «Еспо-Лайк» ЖШС-нің жоғары санатты электр мамандары бірер айдың ішінде іске қосуға қайта дайындапты. Жоба жетекшісі В.Краснопивцевтің айтуынша, Санкт-Петербург қаласындағы «МНТОИНСЭТ» компаниясынан сатып алынған әрқайсысының қуаттылығы 0,5 кВт-ты құрайтын 4 агрегат орнатылған.

Бұл құрылғылар Қорғас өзені ағынының орташа жылдық көрсеткіштері кезінде жылына 9,85 миллион кВт электр қуатын өндіре алады. Шағын су электр стансысы толық қуатында жұмыс істесе Қорғас өзені жағалауында орналасқан Басқұншы ауылдық округі халқын және «Қорғас» шегара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығын, «Нұр жолы» өткізу бекетін, «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын электр қуатымен қамтамасыз етпек.

«Қазсушар» РМК шағын СЭС-ті іске қосуға дайындау үшін Армения Республикасына шағын СЭС жұмысымен танысу және тиісті білім, тәжірибе жинақтау үшін 2 маманды арнайы жіберген. Мамандандырылған ұйымдарды тарта отырып, «Қазсушар» РМК қаржысынан 29 млн.теңге бөліп, нысанды сараптамадан өткізіп, тыңғылықты тексеріп, қайта іске қосты. Сонымен бірге, қосымша іс-шаралар атқарылып, жедел техникалық қызмет ұйымдастырылды. Алдағы жылы жергілікті жабдықтаушы ұйымдармен электр қуатын жеткізу туралы ұзақмерзімді шарттар жасалмақ.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы

Алматы облысы