ТАЛДЫҚОРҒАНДА ЖАСАНДЫ ШЫРША ӨРТЕНІП, ЕКІ БАЛА ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Уақыты: 26.12.2021
Оқылды: 920
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгін таңертең Талдықорған қаласында өрт шықты. "Болашақ" шағынауданында бесінші қабаттағы пәтер отқа оранды. Қызыл жалынның ішінен екі бала құтқарылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Шақырту орнына Алматы облысының төтенше жағдай қызметінен 16 адам мен 6 техника жіберілді. Сондай-ақ, басқа да шұғыл қызмет өкілдері жұмылдырылды.

Өрт сөндірушілер жасанды шырша мен 0,5 шаршы метр алаңда диван жанғанын анықтады. Өртке қарсы бөлімше келгенге дейін көршілес Әлішер Еріков есімді тұрғын екі баланы пәтерден шығарып, жалынның алдын алған. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығуына электр желісінің қысқа тұйықталуы себеп болған.

Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті азаматтардан жаңа жылдық шыршаны орнату кезінде мынадай өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды сұрайды:

- шыршаны қабырғалар мен төбеге тиіп кетпеуі үшін тұрақты негізге қойыңыз;
- оны безендіру үшін қағаз, мақта ойыншықтарын, шамдарды пайдаланбаңыз, мақтамен жаппаңыз;
- электр гирляндалары зауытта шығарылған (сертификатталған) болуы және сымдардың қызуы, ұшқындау, шамдардың жыпылықтауы сияқты зақымдары болмауы тиіс;
- шыршаның жанында бенгал оттарын және шартылдақтарды пайдаланбаңыз;
- балалардың өздігінен жарық қосуына жол бермеңіз;
- шыршаны электр желісіне қосып, үйден шықпаңыз.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"