ҰЗЫНАҒАШ КӘСІПТІК КОЛЛЕДЖІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРЕЖЕДЕ БІЛІМ БЕРЕДІ

Уақыты: 16.02.2022
Оқылды: 1458
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Еңбек нарығында сұранысқа ие маман иелерін дайындау мақсатында Ұзынағаш кәсіптік колледжінде “Жас маман” жобасы қолға алынған. Кәсіптік колледж бағдарламаның барлық талаптарына сай келгендіктен мемлекеттен 240 миллион теңге қаражат бөлінген. Ол соммаға ауылшаруашылық техникалары сатып алынды.

Атап айтсақ, астық комбаины, Беларусь тракторлары, "КамАЗ" типіндегі ауылшаруашылық жүк автокөлігі, соқа, культиватор, дискілі шөп шапқыш, тыңайтқыш шашу машинасы, тұқым сепкіш, аспалы шөп тиегіш машинасы, топырақ тырмалағыш, трактор прицепі сияқты ауылшаруашылық машиналары бар. Осылардың барлығы жерді жыртудан бастап астық жинағанға дейін барлық технологиялық операцияларға қатысады.

Колледжде жалпы 501 студент дәріс алады. Соның ішінде фермер шаруашылығы бойынша 87 студент бар. Олардың 27-сі биыл бітіреді. Жалпы осы білім ордасынан шыққан түлектер халықаралық деңгейдегі жас мамандар болып шығады.

- Колледждің 5 жылдық даму стратегиясын қайта қарастырып жатырмыз. Соған байланысты осы тұрған техникаларды меңгерудеміз. Бізге жалпы аудан әкімдігі де қызығушылық танытып отыр. Біз Жамбыл ауданындағы 4000-нан аса шаруа қожалығымен тығыз жұмыс жасаймыз және кейбіреулерімен келісімшартқа отырдық. Олардың берген тапсырмаларын, жер жырту, себу, ору болсын уақытылы орындауға тырысамыз. Техниканың  барлығы жерді жыртудан бастап, астық жинағанға дейін жабдықталған және комплексті түрде жүреді, - дейді Жамбыл атындағы Ұзынағаш кәсіптік колледжінің директоры Болат Алтаев. Сонымен қатар, колледждің 3-курс студенті Каммаладин Ниетбаев де өз пікірін білдірді.

- Қазіргі тракторлар замануи әрі ыңғайлы болып келеді. Мәселен, ескі тракторларда кондиционер болмаған, қазіргілерде бар. Өзіме трактормен жұмыс жасаған өте қатты ұнайды. Сондай-ақ, Джондир американдық астық оруға арналған техника да көңілімнен шықты, – деді ол.

Айта кету керек, студенттер 6 мамандық бойынша білім алады. Олар: тамақтандыруды ұйымдастыру, дәнекерлеу ісі, ферма шаруашылығы, слесарлық іс, ауыл шаруашылығын электрлендіру және автоматтандыру, шаштараз өнері мен сәндік косметика.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"