АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ЭКОЛОГТАРЫ БЫЛТЫР 153 АДАМҒА АЙЫППҰЛ САЛҒАН

Уақыты: 17.02.2022
Оқылды: 1302
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Jetіsý MEDIA» ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен өткен брифингте Алматы облыстық экология департаментінің өткен жылғы жұмысы қорытындыланып, биылғы жоспарлары таныстырылды. Онда облыстық экология департаменті басшысының орынбасары, бас мемлекеттік экологиялық инспектор Серік Сарбасов, департаменттің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Батыржан Әденов және экологиялық реттеу бөлімінің  басшысы Қарлығаш Омашева баяндама жасады.

Олардың айтуынша, былтыр атмосфераға шекті жол берілетін шығарындылар лимиті 150,0 мың тоннаны  құрады. Облыстық статистика департаментінің алдын ала деректері бойынша, нақты шығарындылар 39,3 мың тоннаға жеткен. Аймақтың атмосфералық жай-күйін бақылайтын 4 автоматты стансы бар. Олар Талдықорған, Талғар, Жаркент қаласында орналасқан. Алайда былтыр атмосфераның жоғары және экстремалды ластану жағдайы тіркелмеген. Су объектілеріне төгілетін ластаушы заттардың көлемі айтарлықтай азайған. Есесіне, өнеркәсіптік қалдықтар көлемінің артуы байқалған. Бұл ЖЭО-3 (жылу электр орталығы ТЭЦ-3) пен «Текелі энергокешені» ЖШС-нің электр және жылу энергиясын өндіру мөлшерінің ұлғаюына байланысты туындаған.

Жыл бойы полигондарға жиналған қатты тұрмыстық қалдықтардың жалпы көлемі қалыпты болды. Ал қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау мен шығаратын кәсіпорындар саны 75-ке жетті. Қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 157 990 тоннаны құрап, қалдықтардың жалпы көлемінің 17,66 пайызы өңделді. Былтыр табиғат қорғау іс-шараларына жергілікті бюджеттен 228509,4 мың теңге бөлініп, толық игерілді.

Табиғат пайдаланушылардың өз қаражаты есебінен 127 306,2 мың теңге пайдаланылған. Сондай-ақ, өткен жылы 5 бағыт, 8 тармақтан тұратын экологиялық мәселелерді кешенді шешуге бағытталған Жол картасы бекітілді. Онда көмірмен жұмыс істейтін кәсіпорындардың шығарындыларын азайту, жылу орталықтарын жаңғырту, жеке сектор үйлердің көмірдегі шығарындыларын азайту, қазандықтарды газға ауыстыру, көгалдандыру, қалдықтарды басқару, су ресурстарын реттеу қатарлы бағыттар белгіленген. Брифинг барысында аталған бағыттар бойынша атқарылатын жоспарлар толық түсіндірілді.

Келесі кезекте департаменттің экологиялық реттеу бөлімі тарапынан көрсетілген 103 мемлекеттік қызмет түрінің жай-жапсары таныстырылды. Сондай-ақ, мекеменің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің жұмысына да назар аударылды. Аталған бөлім өткен жылы экологиялық заңнаманың сақталуы бойынша 73 тексеру жүргізген. Оның ішінде 18-і субъектілер мен объектілерге бару арқылы профилактикалық бақылау, 47-сі жоспардан тыс тексеру және 8-і басқа тексерістер.

Тексеру нәтижесі бойынша 232 табиғатты қорғау заңнамасын бұзу дерегі анықталып, оны жоюға 103 нұсқама беріліпті. Бұдан басқа департамент жалпы сомасы 32035134 теңге көлемінде 153 әкімшілік айыппұл салған. Қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу туралы жалпы сомасы 308 мың теңгеге 38 шағым берілген. Департаментке түскен 271 өтініштің 13-і қанағаттандырылған. Басты жаңалықтың бірі өткен жылы облыста ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі филиалының ашылуы болды.

Облыстық экология департаменті алдағы уақытта экологиялық мәселелерді кешенді шешу жөніндегі Жол картасын орындау аясында қазандықтарды газға ауыстыру, Президенттің тапсырмасына орай Жасыл аймақ құру бойынша ағаш егу, қатты қалдықтарды сұрыптау орындары мен су қорғау аймақтарын құру, тағы да басқа кешенді жоспарлар атқарады. Осы жобалар толығымен жүзеге асса, экологиялық мәселелер реттелетініне сенім мол.

Қажет АНДАС

Алматы облысы