ІЛЕДЕ СУ ДЕҢГЕЙІ ТӨМЕНДЕСЕ, КҮРІШ АЛҚАБЫНА ҚАУІП ТӨНЕДІ - БАЛҚАШ АУДАНЫ

Уақыты: 17.02.2022
Оқылды: 1323
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облыстық мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаев, облыстық мәслихат депутаттары Әбдіжаппар Қыстаубаев, Болатжан Нұрбеков арнайы іссапармен Балқаш ауданына келді. Аудан әкімі, «Nur Otan» партиясы Балқаш аудандық филиалының төрағасы Ғалым Тоқпейісов аудандық мәслихат хатшысы Кәдірбек Омаровтың қатысуымен тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындар тілегіне құлақ түрді.

Қоғамдық қабылдауға Бақанас ауылдық округінің әкімі Қабыл Күлтебаев, сондай-ақ, бірқатар мекеме басшылары қатысты. Маңызды шара барысында Бақанас ауылының тұрғындары Сайран Нұрайдаров табиғи газ жөнінде мәселе көтерсе, Ермұқан Бейсембаев пен Мұрат Нұрмұханбетов Бақанас ауылындағы Ы.Алтынсарин, И.Ормышев көшелеріндегі автокөлік жолдарына жөндеу жұмыстары жасалса деген ұсыныс-тілектерін жеткізді. Аудан басшысы халық қалаулыларына бұл жұмыстардың алдағы уақытта шешімін табуы үшін қандай шаралар атқару қажеттілігін түсіндіріп айтты.

Облыстық мәслихат депутаты, ауданның Құрметті азаматы Әбдіжаппар Өгізбайұлы кейінгі жылдары Іле өзенінде су деңгейінің төмендеуі аграрлы ауданымыздың егін саласына кері әсерін тигізіп тұрғанын айтты. Ғалым Қасымұлы көтерілген мәселенің қаншалықты күрделі екенін түсіндіріп, су тапшылығы салдарынан аудан көлеміндегі күріш алқаптарының көлемі жылдан-жылға кеміп бара жатқанын айтып өтті. Болашақта суармалы жерлерге күріш дақылы егілмесе оның экологияға кері әсерін тигізетіні жөнінде бірнеше ғылыми деректерді мысалға келтірді.

Қойылған сауалдарға құлақ асқан Жанболат Әкежанұлы алдағы күндері осындай өзекті мәселелер бойынша облыс деңгейіндегі жауапты мамандармен кездесулер өткізіп, қойылған сауалдардың шешімін табу бойынша жұмыс атқаратынын жеткізді.

Бақтығали МЕЙРАМБЕКҰЛЫ

Балқаш ауданы

Алматы облысы