АҚСУ АУДАНЫНДА ҚАР ҚҰРСАУЫНДА ҚАЛЫП ҚОЙҒАН ТӨРТ АДАМ ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Уақыты: 17.02.2022
Оқылды: 1132
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментіне Қызылағаш пен Қапал ауылы арасындағы таулы-сүрлеу жолда адамдары бар автокөлік қар құрсауында қалып қойғаны туралы хабарлама келіп түсті.

Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін шақыру орнына 4 адам және 1 бірлік техника жіберілді. Шақыру орнына келген бойда Ақсу ауданы Қапал ауылына баратын таулы-сүрлеу жолымен келе жатқан төрт ер адам автокөлігімен қар құрсауында қалып қойғаны анықталды.

Түнгі сағат 22-00-де құтқарушылардың күшімен жолаушылары бар автокөлік жолдың тазаланған бөлігіне шығарылды. Құтқарылған азаматтар медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ.

Осыған байланысты азаматтардан қыста ұялы байланыс жоқ және құтқарушыларды шақыру мүмкіндігі қаралмаған таулы сүрлеулермен, айналма жолдармен (қысқа жолдармен) жүрмеуді сұраймыз. Сондай-ақ, әрбір автомобильде төтенше жағдайда қажетті заттар болуы шарт. Олар: шамдар, кабельдер, дөңгелектерге арналған тізбектер, күректер, жылы киім, тамақ пен су қоры.

Егер сіз боран немесе қатты аяз кезінде жолда болсаңыз, көлігіңіз елді мекеннен алыс жерде немесе сізге таныс емес жерде тоқтап қалса немесе қарлы боранда тұрып қалсаңыз, басқа көліктердің өтуін күтіңіз немесе "101" және "112" ұялы телефон нөмірлері бойынша көмек шақырыңыз.

Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін, қыста жолға шыққанда маршрутты мұқият жоспарлаңыз және барлығын егжей-тегжейлі ойластырыңыз. Төтенше жағдайда әрбір ұсақ-түйекке мән беру өте маңызды!

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"