МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ МӘСЕЛЕСІН МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ АЙТУЫМЫЗ КЕРЕК - ПРЕЗИДЕНТ

Уақыты: 18.02.2022
Оқылды: 1136
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Қазақстан» телеарнасына берген сұхбатын көріп, көптеген мәселенің байыбына тереңдеп барғандай болдық. Көптің көкейінде жүрген толғақты сұрағына лайықты жауап берілді.

Әрине, мемлекеттің тұрақтылығын сақтап қалу қазіргі күннің басты міндеті екендігі белгілі. Дегенмен, еліміздің байлығын талан-таражға салып, қомақты қаржыны шетел асырғандардың әрекеті назардан тыс қалмайтынын ұғындырған Президент кешегі «Қаралы қаңтар» оқиғасын пайдалануды көздегендердің көпшілікті арандатып кеткенін, бұзақылық жасап, дүкендер мен сауда орталықтарын тонаушыларға аяушылық болмайтынын, мемлекеттік мәселелер тек қазақ тілінде айтылуы тиістігін, латын әліпбиіне көшудің аса маңызды екендігін жетер жеріне жеткізе айтты.

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде Мемлекет басшысының «Хабар» телеарнасына орыс тілінде берген сұхбаты сыналып, Президенттің сыртынан талай сөз айтылған болатын. Соның түйінін: «Ол сұхбат ең алдымен әлем жұртшылығына Қазақстандағы ахуал жөнінде шынайы ақпарат беру үшін жасалды. Содан кейін шетелдік ақпарат құралдары сұхбатымды кеңінен таратып, барынша пайдаланды. Қалай болса да, орыс тілі – Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 ресми тілінің бірі. Оны мойындауымыз керек. Ал қазақ тіліндегі сұхбаттың өз аудиториясы бар. Жалпы, мемлекеттің мәселесін мемлекеттік тілде айтуымыз керек. Тіліміз бізден басқа ешкімге керегі жоқ. Сондықтан ең алдымен өзіміз оған құрмет көрсетуіміз керек деп ойлаймын» – деп тарқатты.

Осы орайда, «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады», деген Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының аманатын сезінетін кез жетті. «Жаңа Қазақстанның» басты талабының бірі – «Өзгерісті өзіңнен баста!» болып жатыр ғой. Бабадан балаға аман жеткен қадірі бөлек қазақ тіліміздің мәртебесін көтеруді өзімізден бастауымыз керек. Қазақ қазақпен өз ана тілінде сөйлескенде ғана өзге этнос өкілдерін бойұсындыра аламыз.

Нұрәкім ЕСЖАНОВ,

Ұйғыр аудандық мәслихатының хатшысы

Алматы облысы