ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІГІН САҚТАП ҚАЛА МА? ПРЕЗИДЕНТТІҢ НАҚТЫ ЖАУАБЫ

Уақыты: 18.02.2022
Оқылды: 1228
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Қазақстан» ұлттық телеарнасына берген сұхбатында еліміздің тәуелсіздігіне қатысты сан сұрақтың нақты жауабын берді.

Бұл туралы: «Біздің халқымыз талай қиындықтарды, қилы заманды көрген. Қиындықтың бәрін жеңген. Кешегі қасіретті оқиға кезінде халқымыз бірлігін көрсетті. Осы құндылықты келешек ұрпаққа аманат етуіміз керек. Қазақстанның болашағы жарқын болатындығы сөзсіз. Мен бұған кәміл сенемін. Біздің бір ғана Отанымыз бар. Басқасы жоқ. Болмайды да. Еліміздің тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Бұл аксиома, ақиқат. Оны көздің қарашығындай сақтау ортақ парызымыз», – деп атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы егемендік және оның ел келешегіндегі орны мен рөліне айрықша тоқтала келіп: «Егемен ел дегеніміз – меніңше, бұл әлемдік үдеріске бейімделген бір тұтас халық. Дербестігін жалаң сөзбен, ұранмен емес, нақты іспен дәлелдей білген ел. Демек «Егемендікті сақтап қаламыз ба?» деген күмәнді ой ешкімде болмауы керек. Бұл қисынсыз тұжырым, қисынсыз сөз. Керісінше, әрқайсымыз: «Тәуелсіздікті қалай бекем ұстап қаламыз?»  деп ойлануымыз керек», – деген ойын білдірді.

Расында, Қазақстан болашаққа қарап бет алған тәуелсіз елдердің бірі. Президент айтқандай, егемендікті жалаң сөз, құрғақ ұранмен сақтап қалуға болмайды. Адамдар нақты іске көшуі керек. Кімде кім өз елінің өркендеуіне үлес қосамын десе, мейлі, қай саланың адамы болса да өзі бастаған ісін тыңғылықты, жүйелі бағытта алға жылжытуы керек.

Сұхбат барысында Мемлекет басшысы: «Тілімізге келсек, оны да сақтап қаламыз. Басқаша болмайды. Себебі, ең күрделі кезеңдерде тіліміз көзі ашық ағаларымыздың, қарапайым халқымыздың арқасында аман қалды. Дегенмен, тіл реформасын жасауымыз керек. Мәселе латын графикасына жедел түрде көшу емес, бұл мәселеге байыппен қарауымыз керек», – деп өзінің нақтылы ұстанымын білдірді. Демек, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жолындағы жарқын істер әлі де жалғасын таба береді деген сөз.

Тортай ІЗБАСҚАНОВ,

Еркін ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы

Талдықорған қаласы

Алматы облысы