МӘЖІЛІСМЕН ҚАПШАҒАЙҒА КЕЛІП, ШАРУАЛАРДЫҢ МҰҢЫНА ҚҰЛАҚ ТҮРДІ

Уақыты: 21.02.2022
Оқылды: 1001
Бөлім: КҮНДЕРЕК

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақпал Тәжмағанбетова Қапшағай өңіріне келіп, сайлаушылармен кездесті. Жұртшылықпен ашық пікірлесіп, өзекті мәселелерге құлақ түрді. Мұндай мазмұнды диалогтың екі тарапқа да тигізетін пайдасы мол.

Депутат ең алдымен Шеңгелді ауылында болды. Ондағы әңгімеге көпшілік белсене қатысты. Өздерін толғандырып жүрген ойларды ортаға салды. Оның шешімін  қалай табуға болады деген сұрақтарға жауап іздеді. Аумақтағы шаруа қожалықтарының ұсыныс-пікірі аз емес екен. Ауыл еңбеккерлері соның жайын баяндап, мәселеге жан-жақты тоқталды.

Ең басты ескеретін нәрсе, егістік жерлер үшін пайдаланылатын су бағасының тым қымбаттығы. Шеңгелдімен қанаттас аумақтарда судың бір текшеметрі 10 теңгеден айналса, аталған елді мекенде ол баға 14 теңгені көрсетеді. Мұндай айырмашылықтар фермерлерге оңай болып тұрған жоқ. Соның салдарынан егістіктен алған өнімнің нарықтық қатынаста өзіндік құны артқан.

Шаруалардың иығына салмақ түсіретін кедергілер мұнымен бітпейді. Соның бірі несие алуға байланысты туындап отыр. Олар алған несиелерін толық өтегенімен, кепілдікке қойған дүниелерін қайтара алмай әуреге түскенін жасырмады. Сонымен қатар, ұзақ мерзім үшін несие рәсімдеудің қиындығы тағы бар. Қаражат кешіктіріліп беріледі, керек кезінде ақша шаруаларға жетпей діңкені құртады.

Айталық, көктемгі тұқым себу маусымын кейде ақша жоқтықтан құры қол өткізіп алады. Күзгі жиын-терінде де осындай сәйкессіздіктер орын алады. Бәрі өз мезгілінде үйлеспеген соң дала жұмыстарының нәтижелері көңіл көншітпейтіні анық. Шаруалар айтқан ұсыныс-пікірді мұқият тыңдаған халық қалаулысы оның аяқсыз қалмауына күш салатынын білдірді. ҚР Парламенті Мәжілісінің күн тәртібіне шығару мүмкіндігін қарастыратынын сөз етті.

Мақпал Мазаққызы бұдан кейін Қапшағай қаласына ат басын бұрды. «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы жанынан құрылған қоғамдық кеңес төрағаларымен жүздесті. Бұл жердегі әңгіме де ашық сипатта, жариялылық жағдайында өтті. Оған партияның қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жеңіс Төребеков, облыстық мәслихат депутаты Бағдәулет Үстенов, қалалық мәслихат хатшысы Сәуле Нұрсолтановалар қатысты. Кездесуге келгендер өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын барынша сараптай отырып, Мәжіліс депутатына зор сенім артты. Бірқатар міндеттердің жүзеге асуына мұрындық болуын қалады.

Жиынға қатысушылар уақыт талабына сай өмірге қажетті мамандар даярлау мәселесін де сөз етті. Жастар тәрбиесінің ұлттық идеологияға сай пәрменді болуына көңіл бөлді. Депутат қала тұрғындарын қабылдағанда аталған тақырыптарды тереңнен қаузады. Олар қалада Мәдениет үйінің жоқтығына алаңдады. Мүмкіндігі шектеулі балалардың жайына жіті назар аударылса деді. Неке сарайы бой көтерсе деген ұсыныс та көпшіліктің көкейінде жүрген мәселенің бірі екен. Осы тектес әңгімелер кездесу тақырыбына айналды.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақпал Тәжмағанбетова өз кезегінде бүгінгі таңда халықты тыңдайтын үкіметтің қалыптаса бастағанын сөз етті. Мемлекет алдында тұрған үлкен саяси міндеттерге тоқталды. Әрбір қазақстандықтың ортақ іске үлес қосуы аса қажетті үдеріс екенін ұқтырды. Өйткені, отаншылдық көзқарастардың тереңдеуі – оң өзгерістердің өзегіне айналуға тиісті. Жаңа Қазақстанның алға қойған және ұсынып отырған шарттары өміршеңдігімен қуандырады.

Кездесу көпшілікті серпілтіп, келешекке сеніммен қарауға ұмтылдырды.

Болат МӘЖИТ

Қапшағай қаласы

Алматы облысы