ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚЫМБАТ ЕКЕНІН ТҮСІНДІК - МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫ

Уақыты: 22.02.2022
Оқылды: 1117
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жамбыл ауданының тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдаған облыстық мәслихаттың хатшысы Жанболат Жөргенбаев пен облыстық мәслихат депутаты Дәулет Жарасбаевпен кездесуге Ұзынағаш, Қарғалы, Қарасу, Самсы, Шиен ауылдарының тұрғындары және аудан орталығындағы мектеп пен аурухана қызметкерлері келді.

Қабылдауға қатысқан азаматтардың басым бөлігі негізінен көпшілікке ортақ әлеуметтік мәселелерді көтерді. Мәселен, Қарғалы ауылының тұрғындары сол ауылдағы «Наурыз» ықшамауданынан мектеп, Мәдениет үйін салуды, ауызсу мен электр жүйесінде туындаған қиындықтарды шешуді сұрады. Ал Ынтымақ ауылынан жүгінгендер ондағы халық санының өсіп, 4 мыңнан асып бара жатқанын, елді мекенге спорт залы мен Мәдениет үйі қажет екенін алға тартты. Арнайы өтінішпен келген бірнеше шаруа қожалығының иелері ауылшаруашылығы техникаларын кепілдікпен алу, субсидия төлеу, төмен пайызбен несиеге қол жеткізу сынды сұрақтарды қойды.

Әрбір сұраққа тиянақты жауап берген Жанболат Әкебайұлы облыс әкімдігінің ауылшаруашылығы саласы бойынша нақты жоспар құрып, жұмыс атқаруға кіріскенін тілге тиек етті. Ол өз сөзінде кәсіпкерлердің тиісті мемлекеттік қолдауды еш кедергісіз алуына енді ешкім бөгет болмайтынын жеткізді. Тек құжаттары дұрыс, заңды болуы керек. Оның айтуынша, бір несиені алуға айлап жүгіріп, ақыр-соңында жемқорлыққа жол ашудың еш қажеті жоқ. Себебі, кейде кәсіпкерлердің өзара келісіп, пара беруді дағдыға айналдыратыны жасырын емес. Мәслихат хатшысы мұндай бассыздыққа заңмен шектеу қойылатынын қадап айтты.

Тұрғындармен тілдесу кезінде халық қалаулылары облыстық мәслихат депутаттарының маңызды бір мәселені қолға алғанынан хабардар етті. Ол І және ІІ топтағы мүгедектердің мүгедектік туралы куәліктерінің мерзімін өмір бойына шектеусіз созу жөніндегі ұсыныс. Егер бұл мәселе республика көлемінде оңды шешілсе, мүмкіндігі шектеулі жандар өз мүгедектігін жылда немесе алты ай сайын растау үшін әуре-сарсаңға түспес еді. Жұртшылық осыған байланысты құжат рәсімдеуде кейде жемқорлық көріністерінің орын алатыны туралы шағымданады.

Қабылдау барысында Жанболат Әкебайұлы: «Біз халықтың арасында қордаланған мәселелерді саралап, сол бағытта жұмыс атқаруға  тиіспіз. Өкінішке қарай, елімізде орын алған «Қаңтар қақтығысы» үлкен қасірет пен көп шығынға ұшыратты. Тәуелсіздіктің қаншалықты қымбат екенін көпшілік сезінді. Жастарға рухани тұрғыдан дұрыс тәрбие беру баршамыздың міндетіміз. Біз сіздермен әрқашан кездесіп, өтініштеріңізді тыңдауға дайынбыз», – деді.

Жүгінген азаматтардың өтініш-тілектерін депутаттар хаттамаға тіркеп, аталған мәселелер бойынша нақты жұмыстар атқарылатынын айтты. Көтерілген кейбір мәселелер бойынша мәслихат депутаттары тарапынан Мәжіліске тиісті қатынас құжаттары жолданатынын білдірді.

Серік ӘШІМБЕКҰЛЫ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы