ЕСКЕЛДІ АУДАНЫНДА 13 ЖАСАР ҚЫЗ ҮЙІНЕ ҚОНБАЙ, АТА-АНАСЫН ШОШЫТТЫ

Уақыты: 23.02.2022
Оқылды: 1093
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ескелді ауданында 13 жастағы оқушы қыз бір тәуліктен соң табылды.

Ескелді аудандық полициясына Бақтыбай ауылының 38 жастағы тұрғынынан кәмелетке толмаған қызын іздеуге көмектесу туралы хабарлама келіп түсті. Оның айтуынша, қызы үйден белгісіз бағытта кетіп, оралмаған. Бұл факті дереу жергілікті полицияда тіркелді.

- Жедел іздестіру жұмыстары барысында полиция қызметкерлері қыз баланың облыс орталығында тұрған жерін анықтап, Ескелді ауданының полициясына жеткізді. Психолог пен заңды өкілдердің қатысуымен жауап алу барысында кәмелетке толмаған оқушы қайда болғанын айтты. Сөзінше, ол Талдықорған қаласында өзіне бейтаныс адамдарға барып, олармен бірге қалған. Құрбыларымен қалғаны туралы ешкімді ескертпеген. Қазіргі уақытта кәмелетке толмаған және оның ата-аналарымен ювеналды полиция қызметкерлері мектеп мұғалімдері мен психологтардың қатысуымен алдын-алу жұмыстарын жүргізуде, - деді Ескелді ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Қайрат Баймұханов.

Полиция мәліметінше, оқушыны бірінші күні ата-анасы мен туыстары өз бетінше табуға тырысқан. Бірақ нәтиже болмағаннан соң полицияның көмегіне жүгінген. «Тәртіп сақшылары өздерінің кәсіпқойлығының арқасында бір тәулік ішінде қызды тауып берді. Қыздың анасы тәртіп сақшыларына тек жұмысында ғана емес, жеке өмірлеріне де сәттілік тіледі», - делінген полиция баспасөзінің хабарламасында.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"