ОТБАСЫ МА, ҚЫЗМЕТ ПЕ? ТАЛДЫҚОРҒАНДА ӘЙЕЛДЕР МӘСЕЛЕСІ КӨТЕРІЛДІ

Уақыты: 24.02.2022
Оқылды: 1550
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Салтанат сарайында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрайымы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ләззат Рамазанова мен Біріккен Ұлттар Ұйымы әйелдер құрылымының Қазақстандағы елдік офисінің басшысы Мария Доценконың қатысуымен жиын өтті. Оған аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі аудандық, облыстық комиссиялардың төрағалары мен мүшелері, мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, белсенді үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиынды «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнәр Тойлыбаева жүргізді. Жиында отбасы және гендерлік саясатты іске асырудың өзекті мәселелері талқыланды.

Алғашқы сөз Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазановаға берілді.

Ол бүгінгі таңда қоғамдағы әйелдердің рөлі жайлы айтты. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру мәселесіне барынша көңіл бөлу керектігін сөз етті. Кей жағдайда шаңырақтың отаналарына құрметпен қараудың орнына зорлық-зомбылық көрсетіліп жататыны жасырын емес. Сондықтан, алдағы уақытта отбасы тәрбиесі, әйелдердің қызмет пен отбасын бірдей алып жүруіне барынша жағдай жасаған жөн. Сондай-ақ, жер-жердегі аналар кеңесінің бағытын, ер мен әйелдің бір-біріне деген сыйластығын, татулығын арттырудағы атқаратын жұмысын тағы да пысықтау керек.

Жиындағы келесі сөз облыс әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі, облыстық аналар кеңесінің төрайымы Жамал Баймадиеваға берілді. Ол биылғы Қаңтар қақтығысы кезінде көшеге кәмелетке толмаған балалардың да шыққанын айта келіп, осының бәрі ата-аналардың жасөспірімдерді дұрыс қадағаламағанынан деп түйіндеді. «Оң-солын әлі танымаған балалар дұрыс тәрбие берілмегендіктен әркімнің сөзіне еріп, жолынан жаңылады. Жат ағымға еріп кетуі мүмкін. Сондықтан отбасының қадағалауы жеткіліксіз болса, балаларды білім шаңырақтары үнемі назарда ұстауы тиіс», – деді ол.

Басқосуда отбасылық және гендерлік саясаттың негізгі бағыттары мен міндеттерін ақпараттық қолдау, жұртшылыққа насихаттау бойынша атқарылып жатқан жұмыс туралы облыс әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі, облыстық «Огни Алатау» газеті бас редакторының орынбасары Забира Сайдильдина сөз қозғады. Ол бұқаралық ақпарат құралдарының әйелдер құқығын қорғаудағы рөлі, отбасы, балалар, демография мәселелеріне қосып отырған үлесі жайлы кеңінен айтып өтті. Бұл орайда облыстық «Жетісу» телеарнасы, «Огни Алатау», «Jetіsý» газеттері Отанның отбасынан басталатынына ерекше мән беретіні жайлы кеңінен әңгімеледі.

Жиынды қорытындылаған Гүлнәр Қожағұлқызы әйелдер мен ба­лалардың құқықтарын қорғау, отбасына қатысты әлеуметтік мәселелерді шешу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екеніне тоқталды. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларының барлығында ұрпақ тәрбиесі, оның ішінде, ұлттық тәрбиені насихаттау, рухани-адамгершілік құндылықтарын арттыру, ана мен баланың құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше мән береді. Отбасылық және гендерлік саясат тұжырым­дамасы қайта қаралып, 2030 жылға дейін Отбасы инсти­ту­тын барлық деңгейде нығайту мәселелері жөнінде нақты мақсаттар мен міндет­тер айқындалды», – деді ол.

Жиында Отбасы институтын нығайту, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, отбасы құндылықтарын қастерлеу, қоғам­дық-саяси өмірге әйелдердің араласу мәселесін алға жылжыту жұмыстарын мем­лекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен жұртшылықты жұмылдыра отырып шешу керектігі жайлы айтылды.

Гүлжан ТҰРСЫН

Сурет ғаламтордан алынды