ҮШ ЛИТРІ - ҮШ МЫҢ ТЕҢГЕ. ШОНЖЫДА ЕШҚАНДАЙ ҚОСПАСЫЗ ШЫРЫН ШЫҒАРЫЛАДЫ

Уақыты: 25.02.2022
Оқылды: 1297
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жайқалған бау-бақшасы, дәмі тіл үйіретін жеміс-жидек, көкөнісімен көз тартатын Қарадаланың қойнауы қазыналы. Өңірдегі кәсіптің дамуы қарқынды. Бұл жердегі жұртшылық кәсіппен айналысқанды дұрыс санайды. Шонжыда орналасқан «АгроПросессинг» ЖШС-нің шырын шығаратын зауытының салынғанына 2-3 жылдың жүзі болды. Бүгінде жүйелі жұмыс жүргізіп жатқан зауыт бір сағатта 4 тонна алма, өрік өңдеуге қауқарлы. Күніне 50 тоннаға дейін өнім өңдеп, тұтынушыға ұсынады.

Жақында сол зауыттың жұмысымен танысып қайттық. Зауыттан шыққан табиғи таза әрі құнарлы өнімдер ауданға ғана таралып қоймай Алматы қаласына да жеткізіледі. Кәсіпорынға кірген мезетте-ақ алманың жағымды иісі мұрын жарады. Ондағы әр жұмысшының өзіне тиесілі істі ерекше ынта-ықыласпен атқарып жатқанын байқайсыз.

Зауыт қожайыны Бахтияр Абдулминов бұл ауқымды жұмысты бастамас бұрын осы жобаға 500 миллион теңге инвестиция тартыпты. Сонымен бірге жеміс-жидекті сырттан сатып алудың тиімсіздігін бағамдаған кәсіпкер ауданның Қалғантам, Шырын елді мекендері аумағынан жер телімін алып, өрік өсірген. Бүгінде өнім зауытты шикізатпен қамтуға толық жетеді. Бірақ, өткен жылғы ауа райының қолайсыздығы зауыт жұмысына біраз қиындық тудырған.

Десе де, Бахар ауылының алмасы әзірге өндіріс тынысын тарылтпай сұранысқа ие шырынның шығуына септігін тигізуде. Цех меңгерушісі Азиз Абдуллаев келісімшарт бойынша көрші Еңбекшіқазақ ауданынан да алма әкелінетінін жеткізді. Азизбен бірге зауыт жұмысымен толық таныстық. Алманы жуу, сапасына қарай сұрыптау агрегаттарын көрдік.

Өнімнің дайын қорапқа құйылу сатысына дейінгі жұмысты көрсеткен цех меңгерушісі сусыз, қантсыз таза сығындыдан жасалатын шырынның дәмін де татқызды. «Алтын фрукт» деген атпен өндіріп жатқан алма шырынының дәмі тіл үйіреді. «Шонжы ауылынан шыққан өнім» деген жазуды көргенде тіпті қуандық. Әдеттегі қораптардан өзгеше ашылатыны да қызықтырды. Самаурынның шүмегіндей өзгеше ойластырылыпты.

Үш литрлік шырын бағасы үш мың теңге. Қымбат десек те ол табиғи таза өнім болғанымен ерекшеленеді. Бахтияр Баратұлы бұл істі қолға алмас бұрын бағаға емес, сапасына назар аударған. Өндіріс орнында шырынмен бірге балаларға арналған езбе (пюре) дайындауды да қолға алған. Сапасы жоғары, дәмі керемет езбе балаларға таптырмас дәрумен.

Бүгінде біз химиялық қоспалар мен жасанды дүниелерден қашамыз. Қай-қайсымыз болсақ та өнімнің сапасына назар аударамыз. Оған дәлел «Алтын фрукт» алма шырынының Шонжы ауылындағы дүкен сөрелерінде өтімді болуы.

Бұл шырын шипалы арасан суларындағы демалыс үйлерінде саудаланады. Дайын өнімді сырттан келгендер де тұтынуға құлықты екенін зауыт жұмысшыларынан білдік. Алматы қаласында да сұраныс жоғары. Ендігі кезекте кәсіпорын өз жұмысын жандандыруды қолға алмақ.

Табиғи таза сығындыдан жасалған алма шырынының құрамында А, В, және С дәрумендері мол болады. Сонымен бірге, биотин, пантотен және фолий қышқылы бар. Дәрумендер шаш пен тырнақты қатайтуға жақсы әсер етеді. Алма шырыны бұған қоса темір, магний, фосфор және минералды затқа бай. 

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Ұйғыр ауданы

Алматы облысы