УКРАИНАДА ҚАЛҒАН ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТАРЫ ҚАШАН ЕЛГЕ ҚАЙТАРЫЛАДЫ?

Уақыты: 26.02.2022
Оқылды: 903
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров журналистерге Қазақстан азаматтарын Украинадан қайтару жұмысы қалай жүріп жатқанын айтып берді. Бұл туралы ақпарат Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтында жарияланды.

"Бұған дейін xабарланғандай, ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарын Украинадан елімізге оралуын ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізуде. Украинадағы ҚР азаматтарының өтініштері үшін Қазақстанның Киевтегі Елшілігінде, сондай-ақ, ҚР СІМ-де «жедел желі» ашылды. Сондай-ақ, Днепр, Львов, Одесса және Харьков қалаларындағы ҚР Құрметті консулдары жұмылдырылды. Бұл кешенді жұмысқа Польша, Молдова мен Беларусьтегі біздің шетелдік мекемелеріміз де қосылды.

Мемлекет басшылығы біздің азаматтарымызға репатриациялық рейстерді өтеусіз негізде ұйымдастыру туралы шешім қабылдады.

Бүгінгі күні эвакуациялауға көмек көрсету туралы 528 өтініш келіп түсті. Қазақстан азаматтары негізінен Украинаның келесі өңірлерінде тұрады: Киев қаласы мен Киев облысында - 264 адам, Одесса облысында - 30, Харьков облысында - 18, Львов облысында - 17, Днепропетровск облысында - 13, Полтава облысында - 7, Черкасск облысында - 4, Луганск облысында – 2, Ивано-Франковск облысында – 2, Житомир облысында – 2 адам.

Қазіргі уақытта біздің азаматтар автокөлікпен қазақстандық дипломаттармен бірге Киев және Львов қалаларынан Польшаның шекарасына қарай жолға шықты.

Варшавадағы біздің Елшілік жергілікті билікпен бірлесіп, Қазақстан азаматтары үшін шекарадан Катовице қаласының (Польша) әуежайына жету үшін «жасыл дәліз» қамтамасыз етеді.

Репатриациялық рейстің жолаушылары Украина-Польша шекарасын кедергісіз (визасыз) кесіп өтеді, сондай-ақ, міндетті карантиннен, ПТР тесттерін тапсырудан және вакцинация паспорттарын ұсынудан босатылады.

Алғашқы репатриациялық рейс 26-27 ақпанда таңертең ұшады. Ұшақ Катовице қаласының әуежайынан ұшып шығып, Атырау қаласына техникалық қонғаннан кейін Алматы қаласына ұшып жетуі тиіс.

Алдағы уақытта басқа да репатриациялық рейстер ұйымдастырылады. Осыған байланысты Украинаның әртүрлі қалаларындағы қазақстандықтардан Қазақстан Республикасының Киевтегі Елшілігіне хабарласуды және өзінің орналасқан жері туралы хабарлауды сұраймыз. Мүмкіндік болған жағдайда, Польша шекарасына дейін ұйымдасқан түрде жету үшін Львов немесе Киев қалаларына өз бетімен баруды ұсынамыз.

Жол-көлік жағдайының күрделі болуына және Украинадағы әскери әрекеттердің жалғасуына байланысты бұл қиындық тудыру мүмкін. Мұндай жағдайда өздеріңіз орналасқан мекендеріңізде қалуды, ҚР Елшілігімен және Құрметті консулдықтарымен үнемі байланыста болуды сұраймыз. Жағдай анықталғаннан кейін біздің азаматтарға барлық қажетті көмек көрсетіледі.

Қазіргі уақытта біздің азаматтарымыз бар автобустар ұзақ шақырымдық көлік кептелісінде тұр және әзірше Корчева-Краковец өткізу пунктінде украин-поляк шекарасынан өте алмауда. Сонымен қатар, бұл өткізу пунктінің жұмысы кезең-кезеңмен украин тарапымен тоқтатылады. Әр автобусты тексеру үшін орташа есеппен кем дегенде 1 сағат уақыт қажет етеді. Қазір 49 қазақстандық бар автобус өткізу пунктінде тұр. Түнде Львовтан екінші автобус шықты (46 адам). Қазіргі уақытта ол да шекараға кезекте тұр.

Қазақстан Республикасының Киевтегі Елшілігінен шыққан автокөліктер колоннасы (79 адам) аталған өткізу пунктінен шамамен 20 шақырым жерде көлік кептелісінде тұр. Киевтегі елшілігіміз 60 адамнан тұратын қазақстандық азаматтардың тағы бір тобын жіберді. 25-26 ақпанға қараған түні Киевтегі ҚР Елшілігінің ғимаратында 26 адам, оның ішінде 8 қызметкер, 18 азамат, олардың арасында 6 бала болды.

Польшадағы ҚР консулы азаматтарымыздың шекарадан өтуін қамтамасыз ету үшін Польша тарапынан Корчёв-Краковец өткізу бекетінде жұмыс жасауда.

«Эйр Астананың» борты Атырау қаласының әуежайында тұр, азаматтарды Катовицы қаласының әуежайынан жөнелтуге дайын екендігі туралы белгіні күтуде.

Львовтағы ҚР Құрметті консулдығы ғимаратының алдына шамамен 55 ҚР азаматы жиналды, олар да Польшамен шекараға жеткізіледі. Бұл азаматтар жақын маңдағы мектеп аумағында жасырынған болатын, бірақ олар сол жерден уақытша шығарылды. Құрметті консул жақын арада бұл азаматтарды Құрметті консулдықтың ғимаратына орналастырады. Сонымен қатар, көлікпен қамтамасыз етуде объективті проблемалар туындауда. Шекараға жіберілген алғашқы рейстер Львовқа әлі оралмады, себебі олар көлік кептелісінде тұр.

Басқа автобустардың жүргізушілері кептеліске бірнеше күн тұрып қалуы мүмкін екенін біліп, жол жүруден бас тартуда. Қазақстан Елшілігінің қызметкерлері азаматтарымызға көмектесу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Біз алдағы уақытта да оқиғалардың дамуы туралы жұртшылықты жедел хабардар ететін боламыз", - деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі.

БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ол Украинадағы Қазақстан азаматтары әзірге еш жерде зардап шекпегенін жеткізді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"