Алдағы уақытта құтқарушылар зейнетке ерте шығуы мүмкін

Уақыты: 07.04.2023
Оқылды: 848
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Премьер-Министр Әлихан Смайылов сенат депутаттарының сауалына берген жауабында құтқарушылардың зейнет жасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

"Құтқарушылардың зейнет жасына келсек, қазіргі таңда Төтенше жағдайлар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге құтқарушыларды азаматтық қызметшілер санатынан азаматтық қорғаныс санатына өткізу мәселесін пысықтап жатыр", -  делінген депутаттар сауалына берген жауапта.

Үкімет басшысының айтуынша, азаматтық қорғаныс санатына өткен құтқарушылардың зейнет жасы да қысқармақ. 

"Аталған өзгеріс құтқарушыларды әлеуметтік кепілдендіру шараларын жетілдіреді. Оның ішінде еңбек өтілі бойынша (25 жыл) немесе шекті жасқа (48 жас) жетуіне байланысты зейнетке шығуға құқық береді. Сондай-ақ, құқық қорғау органы қызметкерлеріне берілетін өзге де жеңілдіктер ұсынылады", - дейді ол. 

 

Фото: ашық дереккөзден

"ЖЕТІСУ" АҚПАРАТ