Жетісу университетінде  «Ғылым айы» басталды

Уақыты: 07.04.2023
Оқылды: 1122
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгін Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «ХХІ ғасыр: ғылым және инновация» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

      Жас ғалымдар мен студенттер арасында өткен конференцияны университеттің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Алефтина Бахтаулова ашты. 

Ол жиынға қатысушыларды ғылым қызметкерлері күнімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

"Конференцияның негізгі мақсаты – жас мамандар мен студенттерді ғылыми жұмысқа тарту, шығармашылық әлеуетін дамыту", – деді модератор.

Пленарлық отырыста алғаш болып сөз тізгіндеген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Биомедицина ғылыми-зерттеу орталығының директоры, PhD Әлібек Ыдырысұлы болды. Баяндамашы Қазақстанның ғылыми-зерттеу нәтижелерін, сандық және сапалық өсуін жіктеп көрсетті.

Семей қаласындағы «Әлихан Бөкейхан университеті» доцент м.а, PhD Бибігүл Оспанова «ҚР ЖОО-дағы инклюзивті білім беру мәселелері» тақырыбын қаузады.

Сондай-ақ, колледж студенттерінің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру, StartUp жобаларын дамыту, биология сабағын case-study технологиясымен оқытудың тиімділігі, жаңартылған білім беру жүйесінің басты сипаты және бағыты бойынша баяндама жасалып, талқыланды. 

Конференция жұмысына 80-нен астам мақала түсті. Пленумға қатысушылардың ғылыми мақалалары «ХХІ ғасыр: ғылым және инновация» Халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференция материалдарының жинағында жарияланады.

Әйгерім ИЕБЕКОВА