Үкімет басшысы әуе билеттерінің бағасына қатысты сын айтты

Уақыты: 30.05.2023
Оқылды: 632
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында әуе билеттері бағасының жоғарылығы мен қызмет сапасындағы кереғарлықты сынға алды, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

Ол өз кезегінде авиакомпаниялардың дұрыс жұмыс жасамай отырғанын жеткізді. 

Осы жылдың қаңтар-ақпан айларында Fly Arystan компаниясы Қостанай әуежайынан Астана мен Алматыға ұшуы тиіс рейстердің жартысына жуығын орындаған жоқ. 25 ақпанда дәл осы авиакомпанияның жолаушылары «Астана-Шымкент» рейсінің 10 сағатқа кешігуіне байланысты жанжал шығарды. Ақыр аяғында ол рейс мүлдем орындалмай қалды. Өкінішке қарай, авиакомпанияларда жолаушылармен тікелей диалог орнату мәдениеті төмен. Рейстердің кешігу себептерін уақытылы түсіндірмейді. Лайықты сервис ұсынылмайды, – деп атап өтті Үкімет басшысы.

Үкімет басшысы осы орайда жолаушылардың мүддесі бірінші орында тұруы тиіс екендігін ескертті. 

Бүгінде жанармай шығындарын өтеуге жұмсалатын отын алымы логика бойынша авиаотын бағасының өзгеруіне байланысты болуы тиіс. Алайда ол билет бағасында өзгеріссіз, бір деңгейде қалып отыр. Сондықтан баға саясатын қайта қарап, авиатасымал сервисі мен қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін үнемі жұмыс істеу керек. Жолаушылардың мүддесі бірінші орында тұруы тиіс, – деді премьер-министр.

Фото: ашық дереккөзден