"20%-ын кешбэк ретінде қайтарып береді": Министр туризм саласында болатын оң өзгерісті жеткізді

Уақыты: 08.06.2023
Оқылды: 714
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Енді туристерге жұмсаған ақшасының 20 пайызын қайтарып беретін кешбэк жүйесі енгізіледі. 

Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов  Астана халықаралық форумы аясында мәлім етті, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы. 

 

«Халықаралық тәжірибені ескере отырып, Ұлытау, Абай облыстарын және басқа туристік бағыттарды дамыту мақсатында кешбэк енгізуді қарастырып жатырмыз. Қазір аталған жобаны ашық НҚА-ға жариялап, көпшілік назарына ұсыну жұмысы жүріп жатыр. Жоба қолданыстағы заңнамаға сәйкес әзірленеді. Мысалы, сіз Астанадан Ұлытау облысына турпакет сатып аласыз. Мемлекет сізге шартты түрде сол турпакеттің 20%-ын кешбэк ретінде қайтарып береді», - деді Асхат Оралов Астана халықаралық форумы барысында журналистерге берген жауабында. 

Бір айта кетерлігі, аталған жаңа бастаманы іске қосу келер жылға жоспарланған. 

«Бұл жобаға бүкіл шағын және орта бизнес өкілдері мен турагенттер қатыса алады. Ішкі туризмді ілгерілетіп, туроператорларға қолдау көрсетуіміз керек. Осы орайда аталған жоба жақсы мүмкіндік деп отырмыз», - дейді ол.

Фото: көрнекілікке алынды