"Текеліде спорттық-туристік кешен салынады": Қала әкімі баспасөз мәслихатын өткізді

Уақыты: 11.06.2023
Оқылды: 453
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Текелі қаласының әкімі Алмас Әділ Бейсен Құранбек атындағы журналистер үйінде баспасөз мәслихатын өткізді. Жиында моноқала басшысы өндірісі өрісті қала үшін күн тәртібінен түспей тұрған мәселелерге де тоқталды.

Моноқаланың мүмкіндігі қандай?

31 мыңнан аса тұрғыны бар Текелі өңірдегі жалғыз өндірістік қала. Қала әкімінің сөзінше, моноқалада 12,9 млрд. теңгенің өнеркәсіптік өнімі өндірілген. Мұндағы өрісті кеңейте түсу үшін биыл 11,5 млрд. теңге инвестиция тарту көзделсе керек. Тап қазір соның 1,4 млрд. теңгесі жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Сондай-ақ Алмас Әділ биыл құны 831 млн. теңге болатын 5 жоба іске қосылып, 44 жаңа жұмыс орны ашылатынын айтты.

 – Текеліде әктас өндіру жолға қойылмақ. «Текелі әктас зауыты» салынса, қаланың әлеуеті тағы да көтеріледі. Сонымен қатар, сауда кешені, қонақүй мен жабық бассейн, спорттық-туристік кешен салынады. Халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін баспана қажеттілігін өтеу аса маңызды. Осы ретте есептік мерзімде 4,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қалада 40 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталуда. Тағы бір 40 пәтерлі тұрғын үй салынып жатса, Ғарышкерлер көшесінде дәл осындай көпқабатты тұрғын үй салуға қаражат бөлінді. Сейфуллин көшесінде 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде, – деді қала әкімі.

Жалпы, Текелі қаласының 18 мың тұрғыны экономикалық белсенді. Дегенмен, 864 адам жұмыссыздар қатарында. Жыл басынан бері 86 жаңа жұмыс орны ашылыпты. Әкімнің сөзінше, жұмыссыз ретінде тіркелгендер табыссыз емес екен. Алмас Әділ олардың кейбірі БЖЗҚ-на ақша аудармаса да, жалданып нәпақа тауып жүргенін сөз етті. Соған қарамастан қаланың 308 жұмыссыз тұрғыны қоғамдық жұмыстарға тартылған. Жұмыссыздықпен күрестің ерекше тәсілі кәсіпке тарту болса, биыл 7 жобаға 9,7 млн. теңге грант берілген.

Ауызсуға зәрулік азайып келеді

Жетісу өңіріне сапарлап келген Мемлекет басшысы халықты таза ауызсумен жабдықтау мәселесін шешуді жергілікті атқамінерлерге нығырлай тапсырған. Текеліде таза ауызсу – күйіп тұрған мәселе еді. Моноқала басшысы түйткілдің тінін тарқатуда ауыз толтырып айтар жұмыс барына сендірді. Алмас Әділ қолданыстағы ұңғымалардан 15,5 шақырым су желілерін салу жұмыстарының қарқынды жүргізіліп жатқанын сөз етті. Жобаның құны 994 млн. теңгені құрайды. Сонымен қатар, бұл қаржыға қолданыстағы ұңғымаларға сорғы стансысын орнату, 2 дана (әрқайсысының көлемі 3000 м3) резервуар салу, хлорсатураторды су дайындау, бактерицидтік құрылғыларын орнату жұмыстары да атқарылуда. Бүгінде жоба 46%-ға орындалыпты.

– Қалада жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осыған дейін магистральді желілер ауыстырылды. «Достық» шағынауданында 5,3 шақырымдық кварталішілік желілер жаңғыртылды. «Алатау» шағын ауданындағы 4,6 шақырым желіні жаңалау жұмыстары 30%-ға орындалды, – деді шаһар басшысы.

Тұрғындарды көгілдір отынмен қамту бағытындағы өткен жылы басталған жұмыстар 2024 жылға дейін атқарылады. Газ тарату желісінің жалпы көлемі 194,2 шақырым болады. Ол үшін бюджеттен 5,8 млрд. теңге қаралған. Келер жылы желтоқсан айында құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталады. Жоспар бойынша 10 мыңнан астам абонент пен 76 кәсіпорынды қамтитын газ желісіне қосу кезең-кезеңімен жүзеге асады. Одан өзге қала басшысы жоспарға сай кәріз бен магистральдік су желілерін қайта жаңғырту, «Бәйбіше» каналы мен қаладағы арық желілерін күрделі жөндеу жұмыстары да жүйелі жүзеге асатынына сендірді. Сондай-ақ, қаланы абаттандыру жұмыстары да қарқынды орындалмақ. Арық желілері жаңғыртылып, орталық алаң да жаңа кейіпке енеді. Ол үшін де жобалық-сметалық құжаттар даярлануда.

Үлкен жоба үмітті қашан ақтайды?

Баспасөз мәслихатында Текелі қаласының әкімі Алмас Әділ моноқалада алдағы 3 жылда жүзеге асатын жобаларды таныстырды. Айтуынша, бірер жылда «Текелі энергокешені» ЖШС жаңғыртудан өтіп, электр өндіру 68 МВт-қа, жылу энергиясын өндіру 90 Гкалға ұлғаяды. Нәтижесінде 15 жұмыс орны құрылады. Жоба жүзеге асуы үшін 16,3 млрд. теңге инвестиция тартылмақ. Сонымен қатар,  жылына 200 мың тонна шойын өндіретін «Электромарганец» ЖШС-ын (құны 13,5 млрд.теңге) кеңейту, «Текелі тау-кен өңдеу кешені» ЖШС-ында (құны 1,6 млрд.теңге) екінші домна пешін салу сынды жобалар бар. Текелінің әлеуеті тек өндіріспен ғана емес, туризммен де іргеленбек. Мәселен, алдағы 3 жыл ішінде «Текесу» тау шаңғысы курорты мен шаңғы биатлоны кешені салынады. Бұрханбұлақта бой көтеретін кешенді салу бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін 100 млн. теңге қаражат бөлінген. Текелідегі туризм нысандары «Горняцкий» шағын ауданында шоғырландырылады. Шаһар басшысы ескі апатты тұрғын үйлерді бұзу бойынша жұмыстар басталып кеткенін жеткізді.

Қала басшысы көпшілік күткен «Green House – зеленый дом» туралы сөз қозғай қоймады. Шамасы, 10 жылға жуық уақыт бұрын іргесі қаланған жылыжайдың жайын жылы жауып қойғысы келгендей. Бірақ, тілшілер тарапынан сауал қойылғанда ғана «әу» деді. Жылына мыңдаған тонна көкөніс өндіреді деген сол кездегі Алматы облысының ең ауқымды жобасының есігінде қазір «қара құлып» тұр. 5 гектардан асатын жылыжайдың жұмысы басталса тек Текелі емес, Жетісудың әлеуеті көтерілетіні сөзсіз. Шаһар басшысы жоба «ҚазАгроҚаржы» АҚ-да кепілдікте тұрғанын, мұндағы соманың өте үлкен екенін, бүгінде жылыжайға жаңа инвестор тартуда осы кепілдіктің кедергі жасайтынын алға тартты. Текелі қаласының әкімі Алмас Әділ бірнеше инвестормен кездескенін, олардың кепілдіктегі сомадан «үріккенін» де жеткізді. Айтуынша, уақыт өткен сайын жылыжайдың да сыйқы кетіп барады. Егер инвестор табылмаса, қанша қаржы құмға сіңген судай болғалы тұр. Қала басшысы бұл мәселе облыс әкімінің тікелей назарында екенін де айтып өтті. Бірақ, оның тіні қашан және қалай тарқатылатынын дөп басып айта алмады. Әйтпесе, жылыжайдың тек Жетісу облысын емес, Алматы облысы мен Алматы қаласын да көкөніспен қамтуға мүмкіндігі бар еді. Мүмкін жобаның жанданар уақыты алда шығар. Кім білсін?!

Дастанбек Садық