АҚСУДА ХОШ ИІС САБЫН ШЫҒАДЫ

Уақыты: 23.07.2023
Оқылды: 756
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы жеңімпаздарының бірі Нұржәнет Ердәулет ежелгі әдіспен сабын жасайды.


Ауыл тұрғыны өзінің шағын шеберханасында саумал, қымыз, айран, бал дайындап, жануар майынан ата-баба әдісімен сабын шығарады.

Кәсіпкердің айтуынша, мұндай сабын ерекше қасиеттерімен өзгешеленеді. Яғни, бұл халықтық косметиканың бір түрі. Сондай-ақ, келіншек тауарларын Жетісу облысының әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының көмегімен сатты. 

– Сабын жасаудың ежелгі әдісін әжемнен үйрендім. Сөйтіп,  Қытайдан елге көшкен кезде бұл әдісті заманауи үлгіде жандандырудың маңызын түсіндім. Сабынды хошиістендіріп, түс пен пішінін өзіміз таңдаймыз, – дейді Нұржәнет Ердәулет.  

Жетісу облысы кәсіпкерлер палатасының төрағасы Дәурен Оңалбаев өткен жылы кәсіпкердің кеңес алу үшін палатаға жүгінгенін, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығында оған қажет көмек пен қолдаудың көрсетілгенін, қазіргі кезде Нұржәнет Ақсу ауданында косметикалық сабын шығарумен айналысатынын айтты. Маркетинг тобының жетекшісі Асқар Әубәкіров, АӨК сарапшылары, өңірлік кәсіпкерлер палатасының әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының өкілдері де кәсіпкердің бұл ісіне қызығушылық танытуда. 

Сабын тек біздің елде ғана емес, сондай-ақ, елден тыс жерлерде де жоғары сұранысқа ие. Нұржәнет «Қорғас» ШЫХО халықаралық көрмесіне қатысып, өнімдері бірден сатылды. Бүгінде Қытайдан да тапсырыс түсуде. Кәсіпкер енді бизнесті кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік бермек. Сондықтан оған қажет қолдау да көрсетілетін болады. 

Айгүл БАЙБОСЫНОВА