Ай соңына дейін уақыт берді

Уақыты: 26.07.2023
Оқылды: 710
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Мүмкіндігі шектеулі жандарға биыл облыс бойынша 164 әлеуметтік нысанға кіріп-шығу үшін жағдай жасалмақ. Ол үшін 472 миллион теңге қаржы бөлінген. Осы уақытқа дейін өңірдегі 12 нысанның пандусы ауыстырылып, inva.gov.kz сайтына енгізілді. Ал қалған 152 нысанның жұмысы ай соңына дейін аяқталып, қыркүйекте бәрі дайын болу керек. Бұл іс тікелей облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың бақылауында.


Облыс әкімінің орынбасары Рустам Әлидің төрағалығымен, «AMANAT» партиясының ұйытқы болуымен жиын өтіп, онда салынып, жасалып жатқан облыстағы пандустар жөнінде сөз қозғалды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ермек Мизамбаев баяндама жасады.

Баяндамашы өз сөзінде бүгінде 71 нысанның пандусы салынып, ауыстырылып жатқандығын,  76 ғимарат үшін мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс жарияланғанын айтты. Ал үш ай өтсе де Кербұлақ ауданында конкурс жарияланбаған ғимараттар кезікті. Оның ішінде Жайнақтағы амбулатория, Қоғалыдағы аурухана бар.

Жиынға онлайн қатысып отырған Кербұлақтағы жауапты маман облыс әкімінің орынбасарынан ескерту алып, ай соңына дейін істі шешетінін жеткізді. Одан бөлек Қаратал ауданындағы Бастөбе, Айтуби ауылдық округтеріндегі әкімдік ғимараттарында пандус мәселесі әлі де дұрыс жолға қойылмаған. Ал Ескелді аудандық әкімінің ғимаратындағы пандус бойынша конкурсқа ешкім қатыспаған. 

Өз кезегінде Рустам Әли аталған аймақтағы азаматтарға ескерту жасап, 1 тамызда отырыс болатынын, ол кезде барлығы реттеліп, шешімін тауып тұру керегін жеткізді. Сондай-ақ, басқарма басшысының міндетін атқарушыға келесі отырыста аймақтағы мемлекеттік ғимараттардың пандусын фото-видеоға түсіріп, орындалмай жатқаны болса заң жүзінде іске кірісу керегін тапсырды.

Серік ҚАНТАЙ