Киностудия ұжымына жаңа басшыны Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов таныстырды.
Министр «Қазақфильм» киностудиясының жұмысын үйлестіру абыройлы әрі жауапты міндет екенін атап өтті.
«Отандық киноөнерінің «қара шаңырағы» саналатын Қазақфильм – ауқымды және күрделі өндірістік ұйым. Былтыр киностудия жанынан «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылды. Мемлекет басшысының киностудия жұмысын жаңғырту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында 87 техникалық жабдық сатып алынды. Алдағы уақытта, модернизацияның 2 кезеңін бастау керек»,- деді Асхат Оралов.
Мәдениет және спорт министрі 2030 жылға қарай жалпы кинопрокаттағы отандық фильмдердің, оның ішінде анимациялық фильмдердің үлесін 35% дейін арттыру жоспарланып отырғанын мәлім етті. Бұл ретте прокаттағы қазақ тіліндегі картиналардың үлесін 30% дейін жеткізу көзделген.
Айта кетейік, Азамат Сатыбалды ұзақ уақыт М.Әуэзов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында еңбек етті, Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрын 3 жыл басқарды. Бүгінгі дейін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры қызметін атқарды.
Фото: Ғ. Мүсірепов атындағы театр