Әділет министрлігі Талдықорған мәйітханасында түсірілген видеоға қатысты түсінік берді

Уақыты: 15.08.2023
Оқылды: 572
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Әділет министрлігінің cот сараптамалары орталығы 13 тамызда әлеуметтік желіде таралған Талдықорған мәйітханасының алдында ақ материалға оралған мәйіттердің видеосына қатысты түсінік берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік желіде тарап кеткен видеода көрсетілгендей, мәйітхана қызметкерлері қайтыс болған белгісіз адамдарды жерлеуге апара жатқанын байқауға болады. Алайда жаймамен оралған мәйіттерді ер адамдар көлікке лақтырып, бірінің үстіне бірін қояды.

Әділет министрлігі cот сараптамалары орталығының мәліметінше, видео 2021 жылы түсірілген. Аталған мәйітхана ғимараты Жетісу облысы бойынша сот сараптамалары институтына тиесілі.

“Танылмаған және талап етілмеген мәйіттерді жерлеу жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіреді. Сот сараптамалары институтының қызметкерлері мәйіттерді жерлеу (мәйітті жуу, қырындыру) және мәйітті орау жұмыстарын ғана жүзеге асырады. Бұл видеода танылмаған және сұралмаған мәйіттерді жерлеу жұмысын Талдықорған қаласы әкімдігі "Пятый регион" ЖШС арасындағы келісімшарт бойынша жүзеге асырып жатқан. Олардың Жетісу облысы сот сараптамалары институтының қызметіне ешқандай қатысы жоқ”, – делінген хабарламада. 

Фото: көрнекілікке алынды