Пингвиндер жойылып кетуі мүмкін: Ғалымдар дабыл қағуда

Уақыты: 28.08.2023
Оқылды: 579
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Императорлық пингвиндер жер бетінен жойылып кетуі мүмкін, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылмы.

Ғалымдар осылай деп дабыл қағып отыр. Олар Антарктикадағы Беллинсгаузен теңізіндегі императорлық пингвиндерді бақылаған. Бұл теңіз құстарының ішіндегі ең ірілері. Былтыр солардың 10 мың балапаны қырылып қалған. Өйткені олардың тіршілік етуі үшін қажетті мұз тез жұқарып барады. Сөйтіп қанаты әлі қатпаған балапандар суға құлап, өз бетінше жүзе алмай, өліп қалады екен.

- Біз императорлық пингвиндердің 5 тіршілік ету аймағын бақыладық. Мұндай жағдай солардың төртеуінде тіркелген. Былтыр тек бір аймақта ғана балапандар тірі қалған, - дейді британдық антарктикалық қызметінің өкілі Норман Рэтклифф.

Бұған климаттың өзгеруі себеп дейді мамандар. Рекордтық температура салдарынан мұз қатып үлгермейді. Әдетте минус 50 градус болатын кезде былтыр Антарктидада минус 10 градус болған.

- Бүкіл Антарктида бойынша 2,7 миллион шаршы шақырым мұз еріп кеткен. Бұл Ұлыбритания аумағынан 10 есе көп. Кейінгі 45 жылда мұндай жағдай алғаш рет тіркеліп отыр, - дейді британдық антарктикалық қызметінің өкілі Норман Рэтклифф.

Антарктидада императорлық пингвиндердің 62 мекен ету аймағы белгілі. 2018-2022 жылдар аралығында солардың 30 процентіне мұздықтардың еруі әсер еткен. Жағдай осылай жалғаса берсе, осы ғасырдың соңына таман императорлық пингвиндердің 90 пайызы жер бетінен жойылып кетеді дейді ғалымдар. Олар мұндай жағдайды болдырмау үшін ең бастысы атмосфераға бөлінетін зиянды газдардың мөлшерін күрт азайту керек екенін тағы да айтады.

Дереккөз: 24.kz