Сарбаздар мұражайды тамашалады

Уақыты: 30.08.2023
Оқылды: 603
Бөлім: КҮНДЕРЕК

30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай Үштөбе гарнизонындағы №15603 әскери бөлімнің сарбаздары Мұхаметжан Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайын тамашалады.

Биылғы көктемде Отан алдындағы борышын өтеу үшін Қарағанды облысынан шақырылған 30-дан астам мерзімді қызметтегі сарбаз түрлі жәдігерлермен толыққан мұражай экспозициясымен танысып, олардың тарихын сұрап білді. Көне тарихтың куәсі болған құнды жәдігерлер туралы жан-жақты айтып берген мұражай қызметкерлері сарбаздар қойған сұраққа тұшымды жауап қайтарды.

Қазіргідей жаhандану кезеңінде мұражайлар тарихи мұраны сақтау, өскелең ұрпақты патриотизм мен азаматтыққа тәрбиелеу, жастардың тарихи санасын қалыптастыру сынды аса маңызды бағытта ерекше рөлге ие. Осыған орай әскерилер өздерін толғандырған пікірлерін ортаға салып, жүрекжарды тілектерін айтып қалды. Солардың ішінен әскери бөлімнің сарбазы, қатардағы жауынгер Темірлан Қуатбек:

– Мұражайға жасалған экскурсия қатты ұнады. Біз бұл жерден көне тарихи ескерткіштерді көрдік. Осындай шаралар сарбаздардың рухтарын көтеріп, танымдық деңгейін арттыратынына сенімдімін, – дейді.

М. Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сарбаздар Екінші дүниежүзілік соғыста қолданылған мылтық, зеңбірек, граната секілді қару-жарақ пен сол кездегі әскери киім үлгілерін тамашалады.

– Бүгінгі күні біз үшін қоғамда музейдің алатын орны ерекше. Музей – кешегі тарих, бүгінгі ғылыми-зерттеу орталығы, ертеңгі кемел болашағымыз. Музей – тарихи-мәдени және ғылыми құндылықтарды сақтауға, жәдігер заттар арқылы мәліметтерді жинақтап таратуға, өскелең ұрпаққа ата-бабамыздан қалған мұралар жөнінде тәлім-тәрбие беруге арналған, тарихи қалыптасқан көпқырлы әлеуметтік ақпараттар институты, – деген №15603 әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, бөлім бастығы, майор Бекен Асылбеков мерзімді қызметтегі сарбаздардың дүниетанымын кеңейтіп, білімін жетілдіру үшін осындай экскурсиялар ұдайы ұйымдастырылып тұратынын түсіндірді.

Жанат Сембаев,
Жетісу гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы, майор