1 қыркүйектен бастап Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу басталады

Уақыты: 30.08.2023
Оқылды: 677
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жастарға қызмет көрсету орталығында облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен жас қызметшілерге арналған жиын өтті. Онда Президенттік жастар кадр резервінің қағидаттары, тәртібі, ережесі мен артықшылықтары түсіндірілді.

Президенттік жастар кадрлық резервін құру қажеттігін 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ өзінің сайлауалды бағдарламасында атап өткен болатын. Сол кезде Мемлекет басшысы резервтің жастар үшін тиімді әлеуметтік лифтіге айналуы тиіс екенін айтты. Мемлекеттік басқару жүйесі үшін талантты жастарды анықтау және тарту мақсатында биыл 1 қыркүйектен бастап Президенттік жастар кадр резервіне кезекті үшінші іріктеу кезеңі бастау алады.

Басқосуда сөз алған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Самғат Тарақов: 

–  Бұл жобаның ерекшелігі – резервке енген азамат 5 жыл тізімде болады. Кез келген мемлекеттік органдардағы басқарушы лауазымдар босаған жағдайда ең бірінші резервтегі азамттар ұсынылады. Қатысушылардың жасы 35-тен аспауы керек, Қазақстан Республикасының азаматтары болуы тиіс, жоғары білімі, 5 жылдан кем емес еңбек өтілі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінде білуі қажет сынды негізгі талаптарды құрайды, – деді.

Сонымен қатар Самғат Бағланұлы Президенттік жастар кадр резервіне еніп, жемісті қызмет етіп жүрген азаматтарды мысалға келтірді. Жиын соңында жастарды егемен еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосуға мүмкіндік беретін бірегей жобаға қатысуға шақырды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ