Ернат Бәзіл саудагерлермен жолықты

Уақыты: 26.09.2023
Оқылды: 379
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғанның орталығындағы көшеде жайма саудамен айналысатындардың полиция тарапынан қысым көріп жатқандығы туралы бейнеүзіктер әлеуметтік желілерді кезіп жүр. Сол бейнеүзікте саудагерлер қала басшысымен кездесуді сұраған.

Осыған орай қала әкімі Ернат Бәзіл Ардагерлер үйінде 50 саудагермен жолықты. Олардың бәрі көшеде заңсыз саудамен айналысқан.

Кездесуде «Көк базарда» көше саудасын орналастыру, сауда үйлеріндегі сауда нүктелерін жалдау ақысының қымбаттығы, заңсыз көше саудасы өкілдерінің әлеуметтік мәселесі сөз болды. Жиын нәтижесінде саудагерлер белгіленген жерлерде уақытша сауда жасауға рұқсат алды. Оларға жол жиегіне шықпау, автотұрақ орындарына кедергі келтірмеу, тазалық пен тәртіпті сақтау сынды шектеу қойылды.

Қала әкімі жиналғандарға сауда үйлеріне немесе арнайы базарларға көшу мүмкіндігін бере отырып, заңсыз көше саудасына кезең-кезеңімен шектеу болатындығын ескертті.

Серік ҚАНТАЙ