Талдықорғанда «Жастар және отбасы» бағы ашылды

Уақыты: 11.11.2023
Оқылды: 630
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласындағы «Жастар» мәдениет және демалыс саябағында «Жастар және отбасы» бағы ашылды. Қара жерге тоң жүрместен бұрын қайырлы іс істелді.

Бұл күні саябақта екі қолға бір күрек ұстаған жастардың қарасы көп. Игі істен қалыс қалмауға алып-ұшқандары байқалады. «Атадан мал қалғанша тал қалсын» деген түсінікті ту етіп, турасынан іске көшкен.

Өскелең өрендер осы күні 1000 түп жеміс ағашын отырғызып, шаһардың көгалдануына өз үлестерін қосты. Жиналғандар жұмыла жүріп қарекеттенді.

Аталған шара облыстық Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен және «Жасыл ел» еңбек жасақтарының өңір бойынша штабының ұйымдастыруымен өткізілді. Мұндағы басты мақсат – киелі табиғатты қорғап, бозбала мен бойжеткендердің бос уақытын тиімді пайдалану.

Шарапатты шараға жергілікті оқу орындары мен колледж білімгерлері, NEET санатындағы жастар, менторлар мен мектеп оқушылары, қаладағы атқарушы орған қызметкерлері қатысты.

Ұйымдастырушылар биылдан бастап халыққа пайдалы бақтар ашуды қолға алғандарын айтады. Олар осы жылдан бастап  2025 жылға дейін 3 мың түп жеміс ағашын отырғызуды көздеп отыр.

«Жасыл ел» еңбек жасақтарының облыс бойынша штабының өкілдері ағаш отырғызуға жер бөлген қала әкімі Ернат Бәзілге алғыстарын білдіреді. Сонымен қатар, ашылған бақтың күтіміне қолдау көрсетсе деген тілектері бар.

Медет ЖҰМАБАЙ