Картоп өндірісі – өнеркәсіптік бағытқа алмастырылады

Уақыты: 12.11.2023
Оқылды: 558
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ауыл шаруашылығы – күреңбелдіктер үшін аса маңызды сала. Жетісу жеріндегі жалпы ауыл шаруашылығы өндірісінің 11,2 пайызы Кербұлақ ауданының үлесінде.

Биыл бұл өңірдің аграрлық секторына құйлылған инвестиция көлемі 9,8 есеге артты. Ауданда негізінен астық өсіріледі. Биылғы егіс алқабы 113,5 мың гектарға жеткізілді. Ал дәнді дақылдар егістігі 98,7 мың  гектар, бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда біраз жоғары.

Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мәди Сауылхановтың айтуынша, биыл заманауи технология қолданыла отырып, қант қызылшасы 700 гектарға себілген. Көксу қант зауытына 31 мың тонна қант қызылшасының өнімін өткізу жоспарланып отыр.

Картоп шаруашылығы – басым бағыттардың бірі десек, бұл дақыл 1313 гектарға егілген. Қазір оның 900 гектары жиналып, 21 мың тонна өнім алынған. Алдағы уақытта ірі инвесторлар әкеліп, картоп өндірісін өнеркәсіптік бағытқа алмастыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Алайда, су шаруашылығы нысандарының ескіруінен суармалы егістік алқаптарының басым бөлігі тәлімді жер ретінде пайдаланылуда.

Қазіргі уақытта Жаманбұлақ, Талдыбұлақ, Матай тоғандары мен Еңкөл, Аралтөбе су қоймаларын күрделі жөндеу бойынша жобалар іске асып жатыр. Ал келесі кезеңде Аралтөбе, Онжас, Қоғалы, Бастау, Қарлығаш, Қызылмектеп, Шымылдық, Майтөбе, Ақтөбе, Түлкілі суару арналарының 135 шақырымын қайта жаңарту көзделуде, жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге облыстық бюджеттен 148,9 млн. теңге қарастырылған. Бұл жалпы аумағы 9515 гектар суармалы жерді айналымға енгізуге мүмкіндік береді. Оның сыртында, Жоламан массивіндегі 700 гектар суармалы егістікті толық пайдалану үшін жаңбырлатқыш машиналар сатып алынып, егістік жұмысы жүргізілуде.

Төрт түлікті қыстан аман алып шығу үшін мал азығы қорының жоспары бекітіліп, шөп дайындау науқаны толық аяқталған.

Яғни,170,2 мың тонна шөп, 54,9 мың тонна сабан, 30,5 мың тонна пішендеме мен сүрлем, 38,0 мың тонна жемдік азық әзірленді.

Ауданда 9 мал бордақылау алаңы, 7 тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді. Биыл 200 басқа арналған 1 тауарлы сүт фермасын ашу  жоспарланып отыр.

Айгүл Байбосынова
Кербұлақ ауданы
Фото: ашық дереккөзден