"Балалар көрші ауылға қатынайды": Жетісу облысындағы елді мекендердің бірінде мектеп жоқ

Уақыты: 13.11.2023
Оқылды: 551
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысындағы Қаратал ауылында мектеп жоқ. Жүзден астам бала көрші елді мекендерге қатынаса, кіші сыныптардың оқушылары тиісті жағдай жасалмаған бейімделген ғимаратта білім алуда. Тұрғындар балалардың мектепке бару үшін ұзақ жол жүруі қауіп-қатерге толы екенін айтады.

Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап. 

Мұндағы бастауыш мектеп ғимаратының салынғанының өзіне жарты ғасырдан астам уақыт өткен. Апатты жағдайда тұрған ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары ешқашан жүргізілмеген.  Деректерге сай, жылдар бойы бұл жер қатты отынмен жылытылып келген. Күніне 40, ал қатты аязда 200 келіге дейін көмір тұтынылады екен.

Ал сынып бөлмелерінің жетіспеушілігінен балалар 2 ауысымда оқиды. 

“Соңғы жылдары балаларды басқа мектептерге тасымалдау жолға қойылды. Бірақ қыста ата-аналар балаларының қауіпсіздігіне алаңдайды. Ауылымызға жаңа мектеп салу мәселесін көп жылдан бері көтеріп келеміз. Жыл сайын халық саны артып, балалар саны да көбеюде”, – деді Қаратал ауылының бастауыш мектеп директоры Құсайын Күренов.

Қараталда 120 орындық жаңа мектептің құрылысын басталған. Қазір жұмыстың 60 пайызы орындалған.

”Биыл 2 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Тағы 3 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланса, аудан орталығының өзінде 600 орындық тағы бір мектептің құрылысына 2 гектар жер бөлінді”, – деді Көксу ауданы әкімінің орынбасары Дәулет Кенжеханұлы.

Қараталға көп көптен күткен мектеп ғимараты келесі жылдың жазына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Сурет: Сюжеттен