Тәуелсіздік тұмары

Уақыты: 15.11.2023
Оқылды: 446
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Биыл тәуелсіздіктің тұмарына айналған төл теңгемізге 30 жыл. Бұл сөзімізден-ақ  Қазақстан үшін, ХХІ ғасырдағы Қазақ мемлекеті үшін төл теңгенің «құны» жоғары екенін аңғару қиын емес. Әр дүниені сараптар кезде, ой елегінен өткізгенде тарих-ұстазды парақтайтынымыз бар. Өткен дәуірлерде дүбірі мен күмбірі қалған талай державалар негізін қалаған сәттен төл ақшасын шығаруға ұмтылған. Біріншіден, бұл тәуелсіздік алғанын білдірсе, екіншіден,  көршілерден экономикалық «азаттығы» барын аңғартқан. Шын мәнінде теңгеміз тәуелсіздік тұмары, азаттық айшығы.

Апта басында Ұлттық банк Жетісу облыстық филиалының директоры Зере Үстенова, филиалдың қолма-қол ақшамен жұмыс бөлімінің басшысы Ғалия Сәдуақасова және тарихи кезеңде Талдықорған облыстық Ұлттық банк басқармасын басқарған Білімтай Түменбаев өңірдің тілшілерін мерейлі мерекемен құттықтай келіпті. Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйіндегі кездесуде төл теңгенің айналымға енгенін, сындарлы сәттердегі қарымды қарекеттерді және ұлттық валютаның қадір-қасиетін айшықтай келген филиал жетекшілері 30 жылдықтағы жетістіктерін де ақжолтайлай жеткізді.

Тарихи кезеңде басшылық қызмет етіп, бүгінде сала ардагеріне айналған Б.Түменбаевтың айтуынша, төл теңгеміздің тарихы 1993 жылдан бастау алғанымен ұлттық валютаны шығару қадамдары одан әріде жатыр. 1992 жылы Меңдібай Әлин, Тимур Сүлейменов, Ағымсалы Дүзелханов және Хайролла Ғабжалилов сынды жоғары дәрежелі мамандар атсалысып, арнайы комиссия құрылып, олар жаңа валютаны әзірлепті. Жаңа валютаның нобайын жасау Алматыда ерекше құпия жағдайда жүргізілген. Ал, төл ақшамыздың атауы сонау түркі әлемінің валютасы болған денге, таңғадан алыныпты.

– Тәуелсіздік алған кезде елімізде ақша бастыратын фабрика жоқ еді. Құнды қағаз бастыратын қаржы да тапшы болған. Тегеурінді әрі жедел жұмыстардың нәтижесінде Ұлыбританияның «Harrison & Sons» деп аталатын баспаханасы қағаз ақшамыздың бірінші партиясын басып шығарды. Бұл жұмыс оларға бүкіл әлемге танымалдылық және ең жақсы экспорттық тауар үшін патшайым II Елизаветаның алтын белгісін алып келді. Шетелде әзірленген ақшаларымыз елге жалға алынған «Ил-76» ұшағымен тасып әкелінген. Сөйтіп, 1993 жылғы 13 қарашада барлық БАҚ ағартушы әл-Фараби, дәулескер күйшілеріміз Сүйінбай мен Құрманғазы, ғалым Шоқан Уәлиханов, ақын Абай, Әбілқайыр хан бейнеленген жаңа валютамыздың суреттерін берді, – деді сала ардагері.

Мұнан соң сөз тізгінін тартқан Ұлттық банктің облыстық филиалының басшысы Зере Үстенова төл теңгеміздің тек ақша номиналы емес, ұлттық құндылық екенін, қауіпсіздік пен қайталанбас дизайны бойынша әлемдік деңгейде мойындалғанын сөз етті. Бастысы, тәуелсіздік тұмарының мерейлі мерекесінде әрбір өңір тұрғыны бай болсын деген тілегін жеткізді.

Дастанбек САДЫҚ