Қандастар қолдаусыз қалмайды

Уақыты: 14.11.2023
Оқылды: 702
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Егемендік алған сәттен еркіндік енген елімізге, кең-байтақ жерімізге алыс-жақыннан қоныс аударған қандастардың қатары көбейді. Шегара бөлінгенде сыртта қалғандар, тағдыры тайқып, басы ауған жаққа жол алғандар Тәуелсіз мемлекет атанған сәттен өз Отанына оралып, дүниеге тегіс таралған нәубетті күндерді артта қалдырды. Билік тарапы да шетелдегі қандастардың өз атажұртына келуін үндеп, көші-қонда біраз жайт жолға қойылды. Уақыт өткен сайын шетел асқан қазақтармен тығыз байланыс орнатылып, ұлт тарихын, әдет-ғұрпын, салт-санасын ұмытпай ұлықтағандармен құндылықтарымыз қайта жаңғырды. Миллионнан астам қазақ баласы елге оралып, мерейіміз тасып, ырысымыз артты. Осылайша жалғасын тапқан жасампаз істің бүгінгі ахуалы қандай?! Отанына келіп, өз елінің ұланы екенін айғақтайтын азаматтық алудың жолы жеңілдеді ме? Қазіргі уақытта көшіп келушілердің қатары сиреп қалған жоқ па? Міне, бізді толғандырған осы сауалдар төңірегінде «Отандастар» қорының Алматы, Жетісу облыстары бойынша сарапшысы, Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының Алматы, Жетісу облыстары бойынша филиалының басшысы Серікхан АХМЕТОВПЕН сұхбаттасқан едік.

– Серікхан Қалибекұлы, әңгімемізді сол бір заманның кесірінен өзге елде қалып қойған қандастарымыздың алғашқы көшінен бастасақ. Бүгінге дейін елге оралған қандастарымыздың саны қанша? Азаматтық алғандары ше? 

 – Иә, расымен де түрлі қиын кезеңдерде ел асып, өзге мемлекетті паналауға мәжбүр болған қандастарымызды атажұртына шақыру бастамасын көзі ашық, көкірегі ояу бар қазақ қолдады. Елге оралтудың негізгі өзегі отандастарымызды жан-жаққа таратып алмау, қазақ баласын өзге елге телміртпеу жайынан туындады. Міне, осыдан өз елінің жылуына бөленіп, ұлтына деген ұлы махаббаты жетелегендер шегара шебіне жинала бастады. Отанға деген ыстық сезім мен шынайы ықыласы тасығандар Көк тудың астына бірігуді басты мақсат етіп, бар ұрпағымен үдере көшуді қолға алды. Ұлы көш алғаш басталғанда қарқынмен жүрді. Негізгі үдеріс 1991-1992 жылдардан басталды да көп жылдар бойы бір қарқынмен жалғасып келді. Енді біздегі негізгі ақпарат көздерінде, мемлекеттік құжаттардың барлығында осы уақытқа дейін 1 миллион 100 мың қазақ келді деп көрсетілген. Ал бұл деректердің айтылып жүргеніне 5-6 жылдың көлемі болды. Ол уақыттан бері, сол жылдардан кейін келіп жатқан адамдар бар ғой. Сондықтан бұл цифрдың өзі дәл емес. Елімізге келген қандастар саны оданда көп болуы мүмкін. Ал енді қазір қазақтың жеріне, атажұртына келіп қанша қандасымыз азаматтық алды деген кезде, олар осында келіп үйленді, ұрпақ сүйіп, тамырын жайды. Алғашқы жылдары бірге келген кішкентай ұл-қыздары өсіп, немерелерінің өзі мектеп жасына жетті. Соған сай бір отбасының өзінде біршама ұрпақ өрбіп, қазақ азаматы атанды. Бұл сауал төңірегінде де нақты неше қандасымыздың азаматтық алғаны жөнінде дәл цифрды табу оңайға түспейді. 

– Шетелден келген отандастарымызды қалай атаған жөн? Оралман дедік, қандас дедік. Сіздің пікіріңіз қандай?

– Өз еліне оралып, өз жеріне келген қандастарымыз кейде оралман деп те аталды. Жалпы, бұл атау уақытша берілген. Яғни, нақтылап айтқанда, Қазақстан Республикасының азаматы болу үшін қажетті құжаттардың бәрін өткізіп, азаматтық алғаннан кейін қандас та емес, оралман да емес, Қазақстан азаматы болады. Оралман, қандас деген уақытша берілген атау, бірақ мен кейде осыған келісе бермеймін. Дүниежүзіндегі отандастарын шақырып жатқан Израиль, Германияда осыған ұқсас үдеріс өтіп кетті. Оларда «Отан» деген қоғам бар, онда олар шетелдегі отандастарын өздерінің ұлтымен айтады. Бізде ғана өзгеше. Кейбір қандастарымыз оралман деген атаудың өзіне ренжиді. «Біз қазақтың баласымыз ғой, неге бізді қандас болмаса оралман деп бөліп қойдыңдар?» – дейді. Бұл енді белгілі бір тәртіп бойынша Қазақстан азаматтығын алғанша берілетін нәрсе, онда тұрған ештеңе жоқ.

– Қандастарымыздың Отанға оралуы өз қалауларымен жүзеге аса ма әлде сіздер шақырту жібересіздер ме?

– Әрине, бұл жерде ең алдымен Отанға деген асқақ махаббат, елге, жерге деген ерекше сүйіспеншілік жатыр. Шет мемлекеттегі әр қазақтың арманы – өзінің атажұртына табан тіреу. Кейбір егде жастағы кісілер өз ұрпағының өз ұлтында өскенін қалап, бала-шағасын аттандырады. Ал кейбірі жұмыс бабымен ауысып келіп, қызмет жолында атажұртында қалады. Осы орайда біз, «Отандастар» қоры, елге оралуға бағытталған түрлі жарнамаларды жүйелі жариялап тұрамыз. Олар біреуден естиді болмаса біздің ақпараттарды көру арқылы келеді. Ал жалпы тұрғыда әрбір мемлекеттен келіп жатқан қандастарымыз жайлы алдын ала ақпарат бізде болмайды. Жалпы хабарды олар шегарадан өтіп, құжат толтыруға кіріскенде білеміз. 

– Қандастардың азаматтық алуы, құжаттарын рәсімдеуі қаншалықты жеңілдеді? 

– Отанға табан тіреген қандастарымыз бірден көші-қон полициясына болмаса әлеуметтік қорғау мекемесінің аудандық, облыстық бөлімшелеріне барады. Аталмыш орындарда олардың құжаттарын қабылдап, кемшін тұстарын толықтырады. Ал біздің негізгі жұмысымыз солар қандай құжат жинау керек, қай жерден қандай қағаз алып, қайда әкелу керек, сол жөнінде айтамыз. Бұл тақырып төңірегінде әлі күнге шешілмеген тұстары жетерлік. Кейбір қандастарымыздың келгеніне көп жыл болса да әлі күнге дейін құжаттары дұрыс емес. Оған негізгі себеп – жергілікті жердің заңдылықтарын көп біле бермейтіндігі мен көлденең жолыққан делдалдарға сенім артуы. Көші-қон, әлде басқа жердің айналасындағы делдалдар шетелден келген қандасымыздың құжатын рәсімдеймін деп қаржысын келісіп алады да уақыт оздырып, мәселені создырып жібереді. Жасыратыны жоқ, делдалдық топтың көбісі қандастарымыздың өзінен құралған. Осы жерде бұрыннан келіп алған, үйренген, таныс-тамыр болғаннан кейін көпшілігі соларға сенім артады, ал олар өткізгенін өткізіп, өткізбегені өздеріне жоқ, қандастың берген ақшасы да жоқ, құжаттары да дайын емес, сөйтіп, мәселе тереңдей береді. Шешілмеген сұрағымен бізге жүгінген соң біз барып аудандық көші-қон полициясынан сұраймыз, олар облыстық көші-қонға құжаттар жөнінде ұсыныс жібереді. Бірақ іс нәтиже бермейді, әрине, келе салысымен құжат рәсімдеу мүмкіндігін делдалға беріп алып, айырылып қалып, артынан шу шығарып жүргендер жетерлік.

– «Көші-қон туралы»  Заңға енген өзгерістер жайында айта кетсеңіз.

– Қандас куәлігін алу үшін қазір заңдар өзгеріп жатыр. Бұрын отандастарымыз келе салысымен азаматтық рәсімдеу үшін құжаттарын әлеуметтік қорғау, еңбекпен қамту департаментіне, көші-қон бөліміне өткізетін. Ал қазір «Көші-қон туралы» Заңға енгізілген өзгертулерден соң қандастарымыз сол келген елдегі Елшіліктен не болмаса Қазақстанның мемлекеттік органдарынан құжаттарын дайындап әкеліп өткізуіне болады. Сондай-ақ, қазір бірден ХҚКО көмегіне жүгінбей, құжаттарын әкімдік жанында құрылған комиссияға тапсырады. Аталмыш комиссия мүшелері қоғам қайраткерлері мен осы мәселеге тікелей қатысы бар әкімдік қызметкерлерінен тұрады. Міне, солар құжаттарды тексере отырып, отандасымыздың қандас куәлігін алу алмауын шешеді. Бұрын екі аптаның ішінде дайын болады деп тіркеген заң тамыз айынан бастап 35 күннің ішінде комиссия арқылы шешіледі деп өзгерді. Қандас мәртебесін иеленудің 3-4 жағдайы болады. Тарқатып айтсам, біріншісі, Қазақстанда отбасы бар, туысқандардың шақыртуымен келгендер. Екіншісі, жұмыс берушінің ұсынысымен шегара асқандар, үшіншісі, отбасы екіге бөлініп қалғандар, яғни, азаматтығы бар отбасы мүшесі өз ағайынын шақыруы. Шақырту кезінде дәлелденген нақты туысы болуы керек. 

– Қандастарымыз қай мемлекеттерден жиі келеді және олардың  Жетісу облысына қоныстану көрсеткіші қандай?

– Қазір бізде Монғолиядан, Қытайдан, Ауғанстаннан, Пәкістаннан, Ираннан келетін қандастар көп. Әсіресе, Өзбекстаннан келетіндер көш басында тұр десек те болады. Қарақалпақстаннан Отанына оралып жатқандар саны жыл сайын жүйелі түрде артып келеді. Ал қандастардың құжат рәсімдеу кезінде бірден және ешбір мәселесіз дайындау жағынан Монғолиядан келген отандастарымыз алдыңғы шепте. Себебі, олар кириллица қарпін танығаннан кейін де жергілікті заңдылықты біліп, қай есікке жүгіну қажетін бірден бағамдайды. 

Алматы облысы екіге бөлінбей тұрғанда еліміздегі басқа облыстармен салыстырғанда қандастардың 50 пайызы осы өңірге келетін еді десем, артық айтқаным емес. Қазіргі кезде де солай. Алматының төңірегіндегі ауылдар мен саяжайлардың көпшілігін қандастар мекен еткен. Еліміз бойынша Отанға оралған қандастардың басым көпшілігі Іле ауданы мен Қаскелең, Талғар, Ұзынағаш, Шелек маңына қоныстанған. Бір сөзбен айтқанда, Алматы облысында инешаншарлық орын болмаса да көпшілігінің таңдауы  ауа райы қолайлы, мегаполистің маңы деп аталмыш өңірге түседі. Жетісу облысын таңдайтындар қатары да артып келеді. Азаматтық құжатын енді ғана рәсімдеп жүрген жандарға жұмыс та тез табыла қоймайтыны анық. Бұл жөнінде де бірқатар мәселе алдан шығады. Бізге келіп, жер сұрап, жұмыс тауып беруді өтінген жағдайлар да кездеседі. Әрине, қолға оңтайлы қызмет тауып беруге барымызды саламыз. Дегенмен, жер мәселесін мәнді шешу мүмкін емес. Қазіргі статистикаға сай Монғолиядан биылғы жылдың басынан жаздың ортасына дейін Алматы облысына 88 адам, ал Жетісу облысына 37 адам келді. Олардың барлығы құжаттарын алып, Қазақстан азаматы атанды. Ал биылғы дерек бойынша Қазақстанға Ресейден бірді-екілі отбасы қоныс аударған. 

– Қандастарды солтүстікке орналастыру мәселесі қалай шешіліп жатыр? 

– Бәріңізге белгілі, бізде солтүстікте 6 облыста қандастарға бар жағдай жасалған. Яғни, олар үшін үй-жер мәселесі барынша жеңілдікпен қаралады. Мысалы, үй берсе, жарты ақшасын мемлекет төлейді. Бір үй көшіп барса, көршілердің өзі көмектесіп, мал басын жиып алуға мүмкіндік сыйлайды. Сондай-ақ, солтүстікке орналасқысы келетін әр отбасы үшін 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы табысталып, шаруашылықпен айналысуы үшін жер үлестіріледі. Алматы облысына келген қандастардың кейбірі тұрғылықты мекенжайы болмағандықтан пәтер жалдап күн кешуде. Бізге келіп, мал шаруашылығына қолайлы, тұратын жер беруімізді жиі сұрайды, Алматы өңірінде мал шаруашылығы тұрмақ үй салатын ұлтарақтай бос жердің жоғын бәрі біледі. Сондықтан біз қандастарымызға қолайлы нұсқаны ұсынып, жеңілдігімізді айтып, оларды солтүстікке бағыттаймыз. Өкінішке қарай, ол жақ суық деп түрлі сылтаулар айтып, көпшілігі Алматы облысында қалуды құп көреді. Әрине, заңдық тұрғыдан қарасақ азаматтардың кімнің қай жерде тұруы өз еркінде. 

– Қандастар көшін жандандыру бойынша сіздерде қандай жұмыстар атқарылуда?

– Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар» қоры еліне оралуға асыққан ағайынды қолдауға қашанда дайын. Әр мемлекеттегі қандастарымызбен үнемі тығыз байланыста болып, олардың қазақтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін ешқашан ұмытпай, өз ұлтын ұлықтай білуіне жұмыс істейміз. Тіл мен өнерге  шешендік әңгімелермен, көркем әдебиеттермен қызықтыра отырып, еліміздің бүгінгі егеменді бейнесін биіктен танытудамыз. Әрине, осы орайда Отанына оралып, азаматтығын алып, қоғамның дамуына айрықша үлес қосып жүрген қандастарымыздың да еңбегі зор. Бойында ұлттық болмысы сақталған мемлекетшіл азаматтар қоғам дамуына қашанда үлес қосуда. Әлемнің әр түкпіріндегі қазақ диаспорасы бізбен етене байланыса отырып, ұл-қыздарының келешегін Қазақстанның болашағымен біріктіреді. Атажұртқа асыққан ағайынға құрметіміз жоғары, құшағымыз ашық. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Құралбек Сәбитов