«Visit Zhetysu – 2023» форумы өтті

Уақыты: 14.11.2023
Оқылды: 582
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу өңірінде туристік нысандар көптеп салынуда. Оларды дамыту басты назарда. Бұл өз кезегінде аймаққа туристердің неғұрлым көп келуіне ықпал етеді. Көз тартар көрікті табиғаты, қолайлы ауа райы облыстың туризм саласындағы әлеуеті зор екенін аңғартады. Осы орайда Талдықорғанда «Visit Zhetysu – 2023» форумы өтті.

Облыстағы туризмді дамытуда «Visit Zhetysu» туристік-ақпараттық орталығының ықпалы зор. Бұл мекеменің құрылғанына биыл бір жыл. Осы күні орталықтың қызметкерлері кезекті мәрте БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділеріне пресс-тур ұйымдастырды. Талдықорғанның көрікті жерлерін таныстырды.

Алматы мен өңірдің түкпір-түкпірінен келген журналистер алдымен Visit Zhetysu мекемесімен танысты. Мұнда салалық бағыт бойынша маркетинг, жобалау, іс-шараларды ұйымдастыру және ақпаратпен қамтамасыз етуге негізделген 3 бөлім жұмыс істейді. Бұдан кейін тур шаһардағы жаңадан бой көтерген орталық бассейн мен сәулеті келіскен Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында жалғасты.

Өз кезегінде қонақтар І. Жансүгіров музейіне ат басын тіреді. Тарихи мекеннің ішін аралап, жұмысымен танысты. Мұражай 6 бөлмеден тұрады. Бұл жерде бүгінде 6 мыңнан аса экспонат сақталыпты. Сирек кездесетін кітаптар, архив материалдарының көшірмелері, фотосуреттер, ақынның өзі және отбасы тұтынған кейбір заттар бар. Мұнда жылына 5 мыңға жуық адам келеді екен. 

Тур соңы форуммен жалғасты. Жиында өңір туризмінің дамуына үлес қосып жүрген жолаушыларды тасымалдау қызметі, бұқаралық ақпарат құралдары, туристік бизнес өкілдері, блогерлер, мәдени ұйымдар,  туристік клубтар, кәсіпкерлер марапатталды.

Медет ЖҰМАБАЙ