Бүгін Қазақстанның 122 азаматы мен олардың отбасы мүшелері Газа секторынан эвакуацияланады

Уақыты: 14.11.2023
Оқылды: 436
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгін, 14 қараша күні қазақстандықтар мен олардың отбасы мүшелері Газа секторынан Мысыр мен Палестина анклавының шекарасындағы Рафах бақылау-өткізу пункті арқылы эвакуацияланады.

Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы Газа секторының Шекара өткелдері бас басқармасының дерекгіне сүйеніп хабарлайды.

14 қарашаға қараған түні Газа секторынан Мысыр бағытында Рафах бақылау-өткізу бекетінен өтуге рұқсат етілген шетелдік азаматтардың тізімі жарияланды, олардың арасында «Қазақстан» деген бағанда Қазақстан мен Палестина азаматтығын алған 122 адам бар.

Атап өтілгендей, тізімде көрсетілген азаматтар тиісті рәсімдерден өтуі үшін жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7:00-де (Астана уақытымен сағат 10:00) «Рафах» бақылау-өткізу бекетінің сыртқы өткел залында болуы тиіс.

Қазақстан азаматтарымен бірге 14 қарашада Газа секторынан Солтүстік Македония, Финляндия, Иордания, Ұлыбритания, Испания, Румыния, Германия, Ресей, Швеция, АҚШ және Дания азаматтары шығады. Сондай-ақ Палестина анклавынан жеке тізім ұсынған Мысырдың 159 азаматы шыға алады.

Қазіргі уақытта ҚР Сыртқы істер министрлігі мен ҚР Мысырдағы Елшілігі азаматтарымызды эвакуациялауға көмек көрсетуді ұйымдастыру бойынша қажетті шаралар қабылдауда.

Бір күн бұрын Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров 44 адамнан тұратын Қазақстан азаматтарының бірінші тобын эвакуациялау жоспарланып отырғанын, олар құрлықпен Каирге жеткізілетінін, қажетті құжаттары тексерілгеннен кейін Қазақстанға жөнелтілетінін хабарлады.

10 қарашада ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Израиль Сыртқы істер министрлігінің басшысы Эли Коэн телефон арқылы сөйлесті. Әңгімелесу барысында М.Нұртілеу израильдік әріптесіне Газа секторындағы Қазақстан азаматтарын эвакуациялауға жәрдемдесуді сұрады. Бұған жауап ретінде Э.Коэн израильдік тарап ҚР азаматтарын эвакуациялау мәселесін шешуге бар күш-жігерін салатынын жеткізді.

Бұған дейін ҚР Сыртқы істер министрлігі Газа секторында 76 қазақстандық және отбасы мүшелерімен бірге олардың саны 161 адам екенін хабарлаған.

10 қарашада Израиль мен палестиналық ХАМАС тобы арасындағы соғыс қимылдары басталғаннан бері бақылау-өткізу пункті үшінші рет жабылғаны хабарланған. Арабтілді БАҚ 10-11 қарашада шекарадан өту тоқтағанын және оның Газа секторынан эвакуацияланған науқастарды тасымалдаудағы қиындықтарға байланысты болғанын жазды.

Дереккөз: Каzinform
Фото: SkyNews Arabia