Неге «Атамекен» мемлекеттік органдардың жұмысына араласа береді? – Зайытов

Уақыты: 14.11.2023
Оқылды: 677
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасын сынға алды, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

Депутат мемлекеттік сатып алуда қитұрқы тұсын мәлім етті.

Мемлекеттік сатып алуда мынадай қитұрқы тұсы бар: өздерінше ұлттық өнімді қолдаймыз дейді де «Атамекеннен» барып «ақ бата» алғандай, құжат алып қою керексің. Бізде шығаратын өндірісіміздің өзі көп емес. Кез келген мекеме біздің шығармайтынымызды біледі. Бірақ «Атамекенге» барып, жанталасып «бізге мынаны дәлелдеп беріңдер» дейді. Осының не қажеті бар? Неге осы («Атамекен» - ред.) Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік органдардың жұмысына жан-жақты араласа береді? Неге қоғамдық бірлестіктер мемлекеттік ұйымдардың жұмысына кірісе береді? – деп сұрады Ринат Зайытов заң жобасын талқылау кезінде.

«Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Амрин депутаттың сұрағына жауап берді.

Тұтастай алғанда, бұл жергілікті өндірістің үлесін көру үшін өндірушілерді қолдау аясында жүргізіледі. Өйткені жауапкершілік тұрғысынан бізде қазақстандық өндірушілерден міндетті түрде сатып алынатын тауарлар тізімі бар. Квазимемлекеттік компаниялар, жергілікті атқарушы органдар, тапсырыс берушілер Қазақстанның тауарын алмайды. Сол себептен біз жауапкершілік болуы керегін сұраймыз, - деді палата өкілі.

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов ойын толықтырып, өз ұсынысын жеткізді.

Сіздер сертификат ұлттық өнімді қолдау мақсатында деп айтасыздар. Бәрібір сіздер алмай қойған адамға түк талап қоя алмайсыздар ғой... Мысалы Қорғаныс министрлігіне 2 мың компьютер тапсырыс берген, оның бүкіл сараптамасы бар. Ұлттық өнім деп әкеледі. Бірақ олар алмай қойған. Сот «сенікі де дұрыс», «сенікі де дұрыс» деп шешім шығарып берген. Осындай да шешім болады екен. Ал компания банкрот бола жаздады. Оны немен қорғадыңыздар? Оны қорғап жатқансыздар ғой... Бізде лампа шығармайтынын білеміз. Оны сатып алу үшін тағы сіздерден («Атамекен» - ред.) дәлел керек. Қазақстанда шығармайтыны белгілі ғой, - деді депутат.

Ринат Зайытов «Атамекенге» Қазақстанда шығарылатын және шығарылмайтын тауарлардың тізімін жасауды ұсынды

Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі