Сарқан ауданында жаңа мектеп ашылды

Уақыты: 15.11.2023
Оқылды: 426
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысының Сарқан ауданында жаңа мектеп қолданысқа берілді. 120 орындық жаңа мектептің жанында 25 балаға арналған шағын орталық та бар. Бұған дейін ескі ғимаратта қысылып оқып келген Бірлік ауылының балалары лайықты білім алуға жасалған мүмкіндікке дән риза, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

Жаңа мектепте сапалы білім алу үшін барлық жағдай жасалған. Оқу ордасында химия, физика, информатика, IT-кабинет, барлығын қосқанда 18 оқу кабинеті, сондай-ақ 30 орындық асхана және үлкен спорт залы бар. Онымен қоса оқушыларға қолайлы болу үшін үш қабатты ғимарат лифтпен жабдықталған. Кедергісіз орта қалыптастыру үшін ғимараттың кіреберісінде көтергіш құрылғы да қойылған екен.

«Білім беру ісі қай уақытта да, қай ғасырда да қоғам дамуы мен тұрақтылығының негізгі өлшемі болып қала береді. Бүгінгі шәкірт – ертеңгі маман, еліміздің гүлденіп, өсуіне, өркендеуіне үлес қосатын басты тұлға. Мемлекет басшысының игілігін көздеген салиқалы саясатының арқасында білім беру және әлеуметтік салаларға жасап отырған қамқорлығы ұшан-теңіз. Соның бір көрінісі – бүгін Бірлік ауылында жаңадан ашылған білім ордасы», - дейді Сарқан ауданының әкімі Ғалымжан Маманбаев.

Фото: Сарқан ауданы әкімдігі