Бейбіт Исабаев Көксу ауданының тұрғындарымен кездесті

Уақыты: 16.11.2023
Оқылды: 326
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жер жаннаты Жетісудың әр өңірінде атқарылып жатқан жұмыс та, жеткен жетістік те көз қуантады. Соның ішінде шөбі шүйгін, суы бал Көксу ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігінің біршама ілгерілегеніне аудан тұрғындары куә. Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде қолға алынып жатқан реформалардың түпкі мақсаты – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, жайлы өмір сүруіне жағдай жасау. Міне, дәл осы мақсат ауданда нақты орындалуда. Бүгінде көксулық тұрғындардың жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалуда.

НАҚТЫ ТАПСЫРМА БЕРІЛДІ

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев аудандық әкімдікте азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Әкім қабылдауына 5 тұрғын жазылған. Қабылдауға алғаш болып кірген мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған Бахытгүл Аскентай тұрғын үйді жекешелендіруге қатысты өтінішін айтты. 13 жыл үй кезегінде тұрып, жалдамалы пәтерге ие болғанымен заң бойынша азаматшаның баспананы жекешелендіруге құқығы жоқ екені түсіндірілді. Облыс басшысы Бейбіт Өксікбаев аудан әкіміне мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер беру тәртібін түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жүктеді. Аймақ басшысы аудан тұрғыны, 82 жастағы зейнеткер Әбілмәжін Байсуановтың өтінішін тыңдап, сотқа жүгіну мүмкіндігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді аудан прокурорына тікелей тапсырып, мәселенің шешімін өз қадағалауына алатынын айтты.

Аудан тұрғыны Сайра Сарсембинова 659-шы болып үй кезегіне тұрған. Жалдамалы пәтерде тұратын жалғызбасты ана жағдайының тым ауыр екенін айтып, мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй бөлу мәселесін шешіп беруді сұрады. Облыс басшысы тұрғын үй қатынастары туралы заңның тәртібі бойынша үйдің кезек арқылы ретімен берілетіндігін түсіндіріп, тұрғын үй беру тәртібін түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жауапты мамандарға жүктеді. 

«Қайнар Көксу» шаруа қожалығының басшысы Әшімхан Оразбеков мемлекет тарапынан қант қызылшасы мен майлы дақылдардың сатылған көлемі үшін субсидия алудың жолдарын сұрап, өтініш білдірді. Облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлы шаруа қожалықтары өткізетін ауылшаруашылығы өнімдеріне мемлекет ұсынатын қолдау шаралары бойынша өтінім қабылдау басталғанын,  шаруалардың өтініші бойынша нақты жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдаулет Кененбаевқа шаруа қожалықтары өткізетін ауылшаруашылығы өнімдеріне мемлекет ұсынатын қолдау шаралары бойынша жұмыстың жүйелі атқарылуын қадағалауды тапсырды. 

Балпық би ауылының тұрғыны Фарида Торғаева С. Сейфуллин көшесіндегі №32 мекенжайындағы көппәтерлі тұрғын үйдің шатырын жөндеуге көмек сұрады. Облыс басшысы бұл өтініш заң аясында жүзеге асатынын жеткізіп, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Бекетаевқа, аудан әкімі Марлен Көлбаевқа үйдің шатырын жөндеуге ақшалай қаражат бөлуге бюджеттік өтінім беруді жүктеді. Облыс әкімінің жеке қабылдауына жазылған барлық азаматтың өтініш, тілегі тыңдалып, жауапты мамандарға нақты тапсырма берілді.

Содан кейін Мәдениет үйінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев аудан тұрғындарымен кездесті. Жыл басынан бері үшінші мәрте кездесу ұйымдастырған облыс басшысы атқарылған жұмыстарды баяндай келе Мемлекет басшысының облысқа іссапармен келіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысқанын, оң баға бергенін айтты. Аймақ басшысы облыс экономикасының дамуына Көксу ауданының да қосып отырған үлесінің зор екенін айтып,  биыл аудандағы ауылшаруашылығы өнімінің 2,0%-ға, құрылыс көлемінің 1,4 есеге ұлғайғанын жеткізді.

– Аграрлы аймақтың негізгі бағыты – ауылшаруашлығы. Ауданда биыл егіс көлемі 31,7 мың гектарды құрады. Қант қызылшасы егістігі 2 есеге ұлғайып, 1,9 мың гектарға себілді. Қазіргі уақытта тәтті түбір алқабы толық жиналып, 70 мың тонна өнім қант зауыттарына өткізілді. Көксу қант зауыты биыл барлығы 53 мың тонна қант өндіруді жоспарлап отыр. Бұл ретте Көксу қант зауыты шаруашылықтармен тиімді жұмыс атқарды. Көктемгі егіс жұмыстары мен қант қызылшасы тұқымын алуға шаруашылықтарды 1,5 миллиард теңгеге қаржыландырғанын ерекше атап өткеніміз жөн. Ескелді, Көксу, Сарқан аудандары шаруаларының қант қызылшасын өсірудегі еңбектерінің зор екенін айтып, алғыс білдіргім келеді. Шаруалардың еліміздегі қант бағасын тұрақтандыруға қосқан үлестері зор. Шаруалардың субсидияға өтініш беруі үшін портал жұмысы іске қосылды. Өтініштеріңізді беріп, мемлекет тарапынан берілетін көмекті алып үлгеріңіздер. Қасиетті де киелі жердің пайдасын көруді бүгіннен бастағанымыз жөн,– деді облыс әкімі.  

«Қазсушар» мекемесі тарапынан 2023-2024 жылдары Көксу ауданының суару жүйелерін реконструкциялау жобасы іске асырылуда. 

Ауданда 10 айда төрт түлік пен құстың саны 7,4 пайызға өскенімен өндірілген өнім көлемі бар-жоғы 1%-ға артқан. Бұл көзқуантарлық жетістік емес. Есесіне ет, жүн өндірісі ұлғайған. Оған ауданда 340 басқа арналған екі тауарлы-сүт фермасы мен 100 басқа арналған бордақылау алаңының іске қосылғаны дәлел. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев аудан әкімі Марлен Көлбаевқа шаруа қожалықтарымен бірлесіп бордақылау алаңдарының әлеуетін толық пайдалану бағытында тиісті шараларды жүйелі атқаруды тапсырды.

Ауданда ветеринарлық қызметті жақсартуға биыл 351 миллион теңге бөлініп, барлық жағдай қарастырылған. Десе де облыс басшысы аудан көлемінде ірі, ұсақ малдан жұқпалы аурулар табылғанын айтты. Мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалынып жатса да мал ауруы белең алғанын тілге тиек етіп,  алдағы уақытта бұл кемшілікпен жұмыс жүргізілу қажеттігін қатаң ескертті.  

ЖЕРДЕН ТАПШЫЛЫҚ БОЛМАЙДЫ

Былтыр ауданда пайдаланылмай жатқан  71,6 мың гектар жер анықталған. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде  34,6 мың гектар мемлекет меншігіне қайтарылып, 2,3 мың гектар қайта айналымға енгізілген. Қалған 34,7 мың гектар жер иелеріне заңбұзушылықты жою үшін 1 жылдық мерзімге ескерту берілген. Биыл барлығы 27 мың гектар ауылшаруашылық жерлері қайтарылды. 

– Өнім нәтижелі болсын десек, шаруалардың жұмысына барынша көңіл бөлу керек.  Жалпы, аудан қорында 126,7 мың гектар бос жатқан жер бар. Аудан бойынша жеке ауладағы малды жаюға 20 мың гектар жайылымдық жер қажет. Әсіресе, осы мәселенің өзектілігі Мұсабек, Мұқаншы және Мұқыры ауылдарында ерекше байқалады. Жайылымдық жерлермен халықтың қажеттілігін қанағаттандыру үшін жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспар бекітілген. Бірақ мал жаю үшін жерлерді алу жұмыстары басталмаған. Осыған байланысты аудан әкіміне елді мекен халқын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырамын, – деді облыс әкімі.   

Ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекет қорында тұрған жер учаскелерін коммерциялық мақсатта сауда-саттық арқылы табыстау жұмыстарын жүргізу қажеттілігі айтылды. Өнеркәсіп өндірісінің 10 айлық көлемі 29,0 миллиард теңгені құрады. Бұл жылдық жоспардың тек 55,5 пайызы орындалғанын көрсетеді. Облыс әкімі инвестиция көрсеткішінің төмен екенін айтып, ауданның әлеуетін арттыру үшін инвесторлармен жұмыс жүргізіп, инвестиция тарту ісін жүйелі атқару қажеттігін аудан әкіміне жүктеді.

БАҒДАРЛАМАНЫҢ БЕРЕРІ КӨП 

Жыл басынан ауданда кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жалпы сомасы 370 миллион теңгеге 21 жоба қаржыландырылған. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында аудан тұрғындарынан 393 миллион  теңгеге 57 өтінім түсіп, оның 305,5 миллион теңгелік 49 жобасы мақұлданып, тек 16 өтінімі қаржыландырылған. Осы орайда аймақ басшысы аудан әкіміне ауылшаруашылығы басқармасы «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, қалған 33 жобаның толық қаржыландырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Ауыл аманаты» жобасының мақсаты – ауылдық жерде бизнестің  барлық саласын дамыту. Алайда ауданнан түскен өтінімдер тек мал шаруашылығына қатысты. Аудан әкіміне аталған бағдарлама шеңберінде жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуге және мал шаруашылығынан басқа да орта және шағын бизнес түрлерін дамытуға тапсырма берілді.

«Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында 10 жобаны іске асыруға 947,4 миллион теңге бөлінген. Тағы бір өзекті мәселе – халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бүгінгі күнге кезекте тұрғандар саны 1409 адам. Биыл қаржыландыру көздері есебінен 10,2 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде Балпық би ауылында инженерлік-коммуникациялық желілері бар 60 пәтерлі кредиттік тұрғын үй желтоқсан айында пайдалануға беріледі және жыл соңына дейін халықтың әлеуметтік осал топтарына 42 тұрғын үй сатып алынады деп жоспарланады. 

– Балпық би ауылында бір 20 пәтерлі, екі 60 пәтерлі және 21 жеке тұрғын үйді абаттандыру және инженерлік-коммуникациялық желілерінің құрылысы басталады. Соның нәтижесінде 2023-2025 жылдары кезектегі 263 отбасы баспанаға ие болып, кезек 20%-ға дейін азаяды. Сондықтан да құрылыс жұмыстарына бақылауды күшейтіп, уақытында тапсырылуын қамтамасыз етуді және мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде баспанамен қамту жұмысын жандандыруды қолға алу керек. Халықтың жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасау – біздің міндетіміз, – деді аймақ басшысы.   

ІС пен НӘТИЖЕ

Мамыр айындағы кездесуде аудан тұрғындары көтерген 6 мәселенің екеуі шешімін тапқан. 

Талапты ауылының тұрғыны Нұрқадыр Биядилов егістік жерлерді суару жайын жақсарту туралы мәселе көтерген. Нәтижесінде «Сырт-Тоған» каналында 3, «Орта-Тоған» каналында 4, «Көк-Тоған» каналында 2 гидротехникалық қондырғыға жөндеу жүргізілген.
Балпық би ауылының тұрғыны Қасым Кенжеханов қоқыс мәселесі бойынша  рейдтік іс-шара барысында заңбұзушылық фактісі тіркеліп,  50 хаттама толтырылып, айыппұл салынғанын айтқан еді. Қызмет көрсететін мердігерлік ұйым тарапынан кемшіліктер жойылып, қоқыс тазартылған. 

Қалған 4 мәселе бойынша жұмыс жүргізілуде. Ақшатоған ауылын газдандыру үшін жобалау аяқталып, құрылыс жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткізілген. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2024 жылдың соңында аяқталмақ.  

Нұрмолда Алдабергенов пен Медеубай Құрманов атындағы 2 мектепке және Мұқаншы орта мектебіне спорт алаңдарын салу мәселесі бойынша жұмыс жүргізілуде.  М. Құрманов атындағы орта мектептің спорт алаңын жөндеуге 61,3 миллион теңге және  Н. Алдабергенов атындағы орта мектепті күрделі жөндеуге жобалау-сметалық құжатын даярлауға қажетті 26,2 миллион теңге қаражат 2024 жылдың бюджетіне енген. Мұқаншы орта мектебінің спорт алаңын жөндеуге 127 миллион теңге қаражат қосымша қарастырылады.

Облыстық маңызы бар автомобиль жолында орналасқан көпірді жөндеу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы жасалыпты. Қазіргі таңда мемлекеттік сараптамадан өту үстінде. Жыл соңына дейін құжат мәселесі шешімін таппақ. Мұсабек ауылының тұрғыны Бегалы Есалинов жайлаудағы жайылымдық жерлердің тапшылығынан мал басына шаққандағы жер көлемін азайтуды сұраған болатын. Бұл мәселе облыс әкімінің құзыретіне жатпағандықтан ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне ұсыныс хат жіберілді. 

АУЫЗСУ, ГАЗ, ЖОЛ – БАСТЫ МӘСЕЛЕ

Тағы бір маңызды мәселе – халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету. Көксу ауданында барлық 34 елді мекен орталықтандырылған сумен қамтылған. З. Тамшыбай ауылында және Көксу бекетінде сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту үшін құжаттама әзірленуде. Сонымен қатар, Балпық би ауылында жеке тұрғын үй құрылысына арналған инженерлік-коммуникациялық желілерді салу бойынша жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде. Аудан бойынша 34 елді мекеннің 26-сы газдандыруға жатады. 8 ауылға газ қосылды. Ауданда газға қосылуға жататын қалған 18 ауылда тиісті жұмыстар атқарылуда. 2025 жылға дейін ауданның 26 елді мекені толық газдандырылады. 

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2025 жылдың соңына дейін Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласына дейінгі барлық елді мекенге толығымен газдандыру жұмысы жүргізілуі керек. Аудандағы нәтиже жаман емес. Әйтсе де осы жұмыстың жүйелі атқарылуын орынбасарым Әсет Қанағатовқа, инженерлік инфрақұрылым және газ құрылысы жұмыстарына қатаң қадағалау жүргізуді энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысына тапсырамын. Сонымен қатар, автомобиль жолдарының жағдайын жақсарту да өзекті мәселенің бірі. Биыл ауданның жергілікті автомобиль жолдарын күрделі, орташа жөндеу жұмыстарына және күтіп ұстауға 2 миллиард теңге бөлінді, – деген облыс басшысы Жарлыөзек ауылына апаратын облыстық маңызы бар автожолының бойында орналасқан көпірдің күрделі жөндеу жұмысы басты назарда екенін айтты. Сонымен қатар, Талапты ауылының кірме жолының жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілгенін атап өтті. 

ӘЛЕУМЕТТІК САЛАНЫҢ ӘЛЕУЕТІ ЖОҒАРЫ

Аудан бойынша Ұлттық жоба шеңберінде 15 жоба бойынша 162 адам жұмысқа орналастырылды. Жұмысқа орналасқан азаматтардың 74,3%-на міндетті зейнетақы жарналары аударылған. Бұл бағыт бойынша ауданда атқарылған жұмыс жаман емес.  Десе де облыс басшысы аудан әкіміне «Жоспарланған Ұлттық жобалардың толық орындалуын қамтамасыз етіп, жұмыс берушілермен бірлесіп, азаматтарға міндетті зейнетақы жарналарының уақытылы аударылуын бақылауға алсын», – деп нақты тапсырма берді.

Осы жылы Бесқайнар және Қазақстанның 10 жылдығы ауылдарында  240 орынды екі мектептің құрылысы аяқталды және Мәмбет ауылындағы интернат ғимаратына асхана блогы салынып, қолданысқа берілді. «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының» қаражаты есебінен Қаратал ауылында 1,8 миллиард теңгеге 120 орынды мектептің құрылысы биыл наурыз айында басталып,  2024 жылдың маусым айында аяқталады деп жоспарлануда. 2023-2024 оқу жылында 7 елді мекеннен 241 оқушы мектепке автобустармен тасымалдануда. Балпық би ауылы мен Көксу бекетінде 342 оқушыға ішкі тасымалдау ұйымдастырылды. Лизинг бойынша 49 миллион теңгеге Мұқаншы орта мектебіне осы жылдың тамыз айында 1 автобус берілді. Денсаулық сақтау саласы бойынша биылғы жылдың қазан айында жергілікті бюджет есебінен 200 миллион теңгеге Ақтекше, Қазақстанның 10 жылдығы, Мәулімбай және Мұқаншы ауылдарында блокты-модульді медициналық пункттер ашылды.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде 2024-2025 жылдары Қызылтоған, Бесқайнар, Қаратал, Жетіжал ауылдарында 4 фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы жоспарлануда. Мәдениет саласында 2024 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Жарлыөзек ауылына 150 орынды Мәдениет үйін салу жоспарлануда. 

Жиын соңында Бейбіт Исабаев тұрғындардың сауалына жауап берді. Соңында:

– Біздің міндет – халық үніне құлақ аса отырып, елдің жағдайын жасау. Қазіргі таңда ауданда біршама нысан ашылып, халық игілігіне берілді. Күні кеше ғана Балпық би ауылында 200 келушіге арналған Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Оған жергілікті бюджеттен 431,6 миллион теңге бөлінген. Бұл аудан үшін үлкен ғимарат. Болашақта бұл ғимарат бос болмауы тиіс. Біз көрпеге қарай көсілуді ұмытпағанымыз жөн. Президент «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» болу үшін азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнату қағидасын басшылыққа алуды бәрімізге міндеттеді. Сондықтан да біз өзімізге жүктелген негізгі міндетті мінсіз атқаруымыз керек. Құнарлы, текті, өткені бар, өнегесі бар киелі жерден талай мықты азаматтар шыққанын ұмытпайық. Күллі қазақ мойындаған Еңбек Ерлері Зылиха Тамшыбаева, Нұрмолда Алдабергенов салған сара жолмен жүріп, халықпен тығыз жұмыс істесек қана жетістікке жетеміз. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында азаматтардың мемлекеттік органдарға жүгіну рәсімдерін жеңілдетуге арналған «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Осы жүйе арқылы мемлекеттік органдарға өз өтініш-сұрақтарыңызды қойып, оның орындалу барысын жіті бақылап, сұрақтаңыздың жауабын да сол жүйе арқылы ала аласыздар, – деп облыс басшысы кездесуді қорытындылады 

Еңлік КЕНЕБАЙ
Көксу ауданы

Суреттерді түсірген Жеңіс Ысқабай