Десантшылар парашютпен секірді

Уақыты: 16.11.2023
Оқылды: 536
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғандағы №18404 десанттық-шабуылдаушы бригадасының 100-ден астам десантшысы жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес 800 және 1200 метр биіктіктен парашютпен секіруді орындады.

Парашютпен секіру десантшылардың жауынгерлік даярлығының негізі болып табылады, олар десанттық-шабуыл бөлімшелерінің жауынгерлік даярлық бағдарламасына кіреді.

Бұл жолы әскери бөлімнің офицерлері мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілері  «С-295» ұшағынан арнайы мақсаттағы «Бүркіт-2» парашюттік жүйесімен және «Д-6» парашютымен әуеден секіріс орындады және ұрыс алаңына 2500 келіге жуық оқ-дәріні 600 метр биіктіктен тастау кешенді іс-шарасы өткізілді. Іс-шара сәтті өтіп, алға қойылған тапсырма орындалды.

– Мен әуеден кезекті 12-ші секіруімді орындағалы тұрмын. Бүгінгі секіріске моральдық-психологиялық тұрғыда өзімді жақсы дайындадым. Биылғы оқу жылында  Қарулы Күштердегі жауынгерлік сайыстың «Қуатты армия – Жаңа Қазақстан!» ұранымен тек алға қарай ұмтылып, кәсіби дайындығымызды шыңдаудамыз, – деді қатардағы жауынгер Марат Қайратұлы.

Әскери бөлім психологтары моральдық-психологиялық жағдайды тексергеннен кейін жауынгерлер арнайы әуе-десанттық кешенде жаттығудан өтті. Парашютпен секіру әуе-десант дайындығының ең күрделі және жауапты кезеңі саналады. Секіру міндетін мүлтіксіз орындау тек батылдық пен ерік-жігерді ғана емес, секірудің барлық ережелерін нақты сақтауды, жинақылықты, жоғары шеберлікті талап етеді.

Жанат СЕМБАЕВ,
майор, Жетісу гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы