КЕДЕРГІНІҢ БӘРІН ЖЕҢЕМІЗ

Уақыты: 18.11.2023
Оқылды: 744
Бөлім: КҮНДЕРЕК

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында ел экономикасының даму тетіктері толық айтылды. Мемлекеттің алдағы болашаққа арналған жоспары əрине, көңілге үміт сыйлағаны рас.

Өз басым ұзақ жыл бойына білім беру саласында жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беріп келемін. Білім саласына қатысты Президентіміздің пікірін барынша мұқият тыңдадым. Шағын пікірде бар жайды қамтып, түгел айтып шығу мүмкін емес. Ширатып айтқанда, Жолдаудың айрықша маңыздылығы көрініп тұр. Қоғамдық өміріміздегі бар саланы түгел қамтыған десе де боларлық.

Біз Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз деп ойлаймын. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Бүгінгі қоғамда мейірмандық, ауызбірлік аса маңызды рөл атқаратынын ұмытпасақ деймін. Береке болмаған жерде атқарылған істің бәрі бос. Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек. ХХІ ғасыр – білімділер ғасыры екені анық. Алдымызға қойған биік мақсатқа жету оңай болмайды. Бірақ бүкіл ел болып кіріссек, бұл – қолдан келетін шаруа. Халық, бизнес және билік өкілдері бар күш-жігерін жұмылдыруы керек. Сонда ғана мемлекетіміздің қазіргі даму үлгісін түбегейлі өзгерте аламыз, кедергінің бәрін жеңеміз.

 Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азамат, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады. Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Шын мәнінде, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды. Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын адал азамат болса, әділдік орнайды. Ал біз ұстаздар қауымы үкілеген үмітін арқалап келген әрбір оқушы білімді, тәрбиелі, иманды, саналы, озық ойлы жастар, ұлағатты тұлға болып қалыптасуына өз үлесімізді қосуымыз қажет. Себебі, Жаңа Қазақстан – болашақ жастардың қолында!

Гаухар ОРДАҒҰЛОВА,
№2 орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі