Екі миллионға жуық оқушы бір уақытта асық ату ойынына қатысты

Уақыты: 20.11.2023
Оқылды: 409
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Елімізде жеті мыңнан астам білім беру ұйымында бір мезетте "Алтын сақа" ұлттық ойындардың республикалық челленджі өтті, - деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің дерегіне сүйеніп.

Бұл бастама барлық оқушылар мен мұғалімдерді біріктіруге, ұлттық рухты және қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға бағытталған. Елордалық оқушылардың сайысына Ғани Бейсембаев қатысты.

"Ұлттық ойындар - педагогиканың дәстүрлі құралы. Ғасырлар бойы оларда ұлттық болмысымыз, халықтың еңбегі, ар-намыс, ер жүректілік, батырлық, ерік-жігер мен жеңіске деген ұмтылысы айқын көрініс тапқан. Ұлттық ойындардың өскелең ұрпақ арасында кең танылып келе жатқаны қуантады. Соның бір дәлелі ретінде, бүгін екі миллионға жуық оқушы еліміздің мәдени мұрасын сақтаудағы бірлігін тағы да көрсетті. Біз жас ұрпақты нағыз патриот ретінде тәрбиелеуіміз керек", - деді Ғани Бейсембаев.

Фото: gov.kz