Талдықорған маңынан ерте темір дәуіріне жататын қорған табылды

Уақыты: 20.11.2023
Оқылды: 687
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Жетісу облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталығы» мен Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен және тапсырысымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археологиялық экспедициясы Талдықорған қаласы әуежайының маңындағы Дауылбай қорымында қазба жүргізіп, ерте темір дәуіріне жататын қорған тапты.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мәліметіне қарағанда, далалық зерттеулер барысында қорғанның бірнеше рет тоналғандығы, соңғы рет өткен жылы ғана тоналып кеткендігі анықталды. Осыған байланысты Жетісу облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталығы археологтардың күшімен аталған тарихи ескерткішті зерттеуді жөн деп тапты.

Кейбір мамандардың пікірінше, қорған элиталық болып саналады. Қорғанның биіктігі – 3,4 м, диаметрі – 40 м. Айналасы ормен қоршалған. Тонаушылар батыс жағынан қазба түсіріп, біртіндеп орталық бөлігіне қарай өткен. Далалық зерттеулер тонаушылар ашып кеткен ұңғыма-шұңқыр орнындағы қорғанның орталық бөлігінде жүргізілді. Бастапқыда қазба 5х5 м көлемде болды және ескерткіш конструкциясына орай кеңейтілді. Қазба барысында тас сауыт және өзге де конструкциялар, сондай-ақ тонаушылардан қалған шашылып жатқан ірі тастар, тастақтайшалар анықталды.

Археологиялық экспедиция жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Досбол Байгунаков былай деді: «Қорғанның төбесінен есептегенде шамамен 5 м тереңдіктен екі мола шұңқыры анықталды. Бірінші қабір шұңқыры толықтай тоналып кеткен. Бұл жерден қойдың жауырынын ғана табу мүмкін болды. Сірә, ғұрыптық ас қалдығы болса керек. Екінші қабір шұңқырынан ер адамның сүйек қалдықтары, екі керамикалық ыдыс, мал сүйектері, қызғылт түсті ағаш қынабы бар акинак-семсер табылды. Акинак тұсында металл және сүйек қапсырмалар жатты. Сонымен қатар қоладан жасалған қорамсақ ілгегі, қола оқшантай мен ине, алтынан дайындалған ілмекшелер табылды. Табылған алтын бұйымдар: белдік ілмешегі, түтікше, сондай-ақ мысық тұқымдасына жататын аң бейнелі айылбастар.

Жылан-айдаһар бейнеленген сүйек қапсырма орасан зор қызығушылығымызды тудырды. Мұндай олжа отандық археологияда сирек кездеседі. Ол өңірдегі ежелгі тұрғындар арасында жылан, айдаһар немесе жылан-айдаһар культы таралғандығын дәлелдейді. Әлем  халықтарының мифологиясында жылан рөлі екі жақты тұрғыда қарастырылады. Бұл жерде ол қасиетті аң ретіндегі статусты иемденіп, бірқатар стихиялармен байланыстырылған болса керек. Жалпы алғанда, аталған бауырымен жорғалаушының сакралды мән-мағынаға ие болғандығы анық».

Мамандардың сөзінше, қазылған қорғанды бұдан екі мың жылдай бұрын Жетісуды мекендеген юечжи немесе усунь (үйсін) мәдениеттерімен байланыстыруға болады. Бұдан ары қарай археологтар зертханалық жұмыстар жүргізуді жоспарлап отыр. Барлық детальдар зерттелініп, материалдар талданатын болады. Кейбір олжалар «Остров Крым» ғылыми-реставрациялық лабораториясында қалпына келтіріледі деп күтілуде.

Ақпарат: gov.kz-тен алынды