Ұлт мұратын ұстанған ұрпақ

Уақыты: 21.11.2023
Оқылды: 709
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Білім-инновация» лицейлерінің 30 жылдығы салтанатты түрде аталып өтті. Оған Қазақстанның барлық қаласындағы «Білім-инновация» лицейлерінің өкілдері, лицей түлектері, ата-аналар қатысты. Алматыдан Марат Тоқашбаев, Серік Аббас-шах, Серік  Нұғыман, Қайырбек Шағыр, Бауыржан Карипов, Саят Қамшыгер сынды қаламгерлер барып, мерейтойлық шараны тамашалап  қайтты. 

«Тағылымға толы, олжалы отыз жыл» деп аталатын салтанатты жиында Ел Президенті Қ.Тоқаевтың, жалпы билік басындағылардың құттықтаулары оқылды. ҚР Оқу-ағарту министрі Ғ. Бейсембаев өз сөзінде: «Болашақ ел азаматтарын қалыптастырып отырған өлшеусіз еңбектеріңізді жоғары бағалаймын»,– десе, Мәжіліс депутаты А. Аймағанбетов «Білім-инновация» лицейлерін: «бақытты болашаққа, саналы ғұмырға сеніммен жетелейтін бірден-бір білім ордасы»,– деп бағалады. 

Бұл басқосуда Оқу-ағарту министрі Ғ. Бейсембаев елдің түкпір-түкпірінен келген озат ұстаздарды марапаттады. Ортасында әртүрлі өнер ұжымдары жиналғандарды сергітіп, серпілтіп отырды. Кезінде «Білім-инновация» лицейлерін қолдап-қуаттаған, ісінің ілгері басуына өз үлестерін қосқан М. Жолдасбеков,  Ж. Әзизханов, Ғ. Есім, А. Жұмаділдаев бастаған аға ұрпақ өкілдерін «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Д. Өте сахнаға шақырып, қазақы дәстүрмен иықтарына шапан жапты. 

Әйгілі математик, академик А. Жұмаділдаев:  «Мен бұл лицейлердің қалай құрылғаны мен не істегенінің бәріне куәмін. Түрік бауырларымыздың менеджменті мен қазақ балаларының ақылы біріккенде дәл осындай керемет нәтиже берді», – деп тебірене сөйлеген жиында Алматыдан арнайы келген қаламгерлер атынан Саят Қамшыгер тілек білдірді. Ол Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, жазушы Мереке Құлкеновтың құттықтауын табыс етіп, өз өлеңін оқып берді. Айтпақшы, Саят «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры Әнұранының сөзін де жазған еді. Сондықтан қордың басшылары ақын бауырымыздың еңбегін елеп, ел қатарлы мерейтойлық медальмен марапаттады. 

Иә, ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп келе жатқан «Білім-инновация» лицейлері – қазіргі білім шыңына ұмтылған ұл-қыздардың көпшілігіне армандай болған, ал осында оқуға түскен санаулыларының санасына білім мен тәрбиені қатар сіңірген алтын ұясы. Негізі мұнда оқуға түсу үшін балаңызды қатардағы мектепке әкелгендей  әкеп бере салмайсыз, әуелі арнайы курстар арқылы дайындап, сынақтан өтсе ғана оқыта аласыз. Ал сынақтан өтпей қалса, тағы ешкімге өкпелей алмайсыз. Өйткені бұл лицейлердің мұраты биік, мақсаты айқын. Ешбір пенде буынсыз жерге пышақ ұра алмайтындай етіп ойластырылған, басшылыққа алатын негізгі жұмыс қағидалары бар. Онда ешқандай бармақ басты, көз қыстылыққа жол жоқ. Сондықтан лицейге оқуға түскен шәкірт жоғары оқу орнына грантқа оқуға түскендей қуанады.

Сөз соңында еліміздің білім беру саласына жаңа соқпақ, соны леп әкелген «Білім-инновация» лицейлерінің басшылары мен ұстаздар ұжымын біз де «Тағылымға толы, олжалы отыз жылдық» мерейтойымен құттықтай отырып, алдағы еңбектерінің қайырлы да берекелі, табысты да мерекелі болуын, шәкірттерінің бәсекеге қабілетті және үйлесімді дамыған тұлға болып өсуін тілейміз!

Әбділдабек САЛЫҚБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Тарихшылар 
қауымдастығының мүшесі