Мүмкіндігі мол олимпиада

Уақыты: 20.11.2023
Оқылды: 206
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Биылғы жылы тұңғыш рет елімізде ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиада басталды. Олимпиада 20-29 қараша аралығында 13 пәннен өтеді. ҚР Оқу-ағарту министрі Бейсембаев Ғани Бектайұлының  тікелей тапсырмасымен бастау алған олимпиада да ауыл мектептерінің қабілетін анықтап, қолдау көрсету мақсаты көзделіп отыр.          

Қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған олимпиаданың салтанатты ашылуы республикамыздың әр ауылдық мектептерінде бір мезетте ұйымдастырылды. Ашылу салтанатына округ әкімдері шақырылды. Балпық би ауылдық округінің әкімі Қожабеков Төлеген Құлжаханұлы сөз сөйлеп, оқушыларға сәттілік тіледі.

Аталмыш олимпиадаға республикамыздың ауылдық мектептерінде оқитын барлық 9, 10, 11 сынып оқушылары қатыстырылуда. Олимпиада үш кезеңде өткізіледі: бірінші кезең бастапқы кезең, екінші (іріктеу) – желтоқсан айында, үшінші (республикалық) – ағымдағы оқу жылының қаңтар айында өткізілетін болады.

Көксу ауданы бойынша қазан айының 30-ы мен қараша айының 15-і күндері аралығында 410 оқушы тіркелді. Білім алушылар олимпиаданың алғашқы күні ағылшын тілі пәнінен тест тапсырды. Аудан көлемінде 32 оқушы қамтылды. Олимпиаданың екінші күні орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі, құқық негіздері, информатика және орыс сыныптарындағы орыс тілі мен әдебиеті пәні бойынша 60 оқушы қатысты.

І бастапқы кезең онлайн-платформада өткізіліп отыр. Басқа олимпиадалардан ерекшелігі оқушы тестілеуді аяқтаған соң нәтижесін бірден көре алады. Олимпиада қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған қатысушылардың жалпы санының 35%-ы олимпиаданың ІІ кезеңіне қатысуға жолдама алатын болады. Олимпиада барысында білім алушыларымызға сәттілік тілей отыра, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып, білімін сынға алатын бұл олимпиада да үздік нәтиже көрсетулеріне тілектеспіз. Сәттілік серік болсын құрметті білім алушылар!

Жетісу облысы Білім басқармасының Көксу ауданы бойынша Білім бөлімінің басшысы

Кузбаев Куат Жумагулович