Ел өмірінің айнасы

Уақыты: 23.11.2023
Оқылды: 595
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жыл да аяқталуға таяды. Бұл уақыт он екі айда атқарылған жұмыстардың нәтижесін көретін кез. Өздеріңіз білетіндей, осы кезде журналистер қауымы үшін маңызды науқан саналатын баспасөзге жазылу шаралары жүре бастайды. Осыған байланысты облыстық «Jetіsý» және «Вестник Жетісу» басылымдарының тілшілері іссапармен аймаққа қарасты аудан, қалаларды аралап, халықпен кездесу өткізеді. Сонымен бірге қандай жаңалықтар бар, нендей өзгерістер орын алды, бәріне назар аударып, өңірлердің бүгінгі даму жағдайын байқап қайтады. Елдің тыныс-тіршілігімен де танысады. 

Бұл жолғы іссапар Кербұлақ ауданында жалғасты. Күреңбел өңіріне арнайы ат басын бұрған біз алдымен аудандық әкімдікке бас сұғып, өңір басшысы Қанат Есболатовқа жолықтық. Тілшілерді қарсы алған Қанат Болатұлы бізбен кездесуінде ауданның бүгінгі бет алысы жайында әңгімелеп, газет туралы сөз етті. Әкімнің айтуынша, өңірдегі қай саланы алып қарасаңыз да ілгерілеу бар. Бүгінгі таңда ауылды жерлердің жағдайын жақсартып, жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын көтеруде, мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін пайдаланып, халықты жұмыспен қамтуда жүзеге асырылып жатқан игілікті істер аз емес. 

Жаңа өндіріс орындарын ашып, шағын және орта кәсіпкерліктің өрісін кеңейтуге, ауыл іші жолдарын жаңалап, көшелерді жарықтандыруға, заманауи үлгіде құрылыс нысандарын салып, елді мекендерді көріктендіріп, көгалдандыруға, ауызсу, басқа да мәселелерді шешуге ерекше көңіл бөлінуде. Жергілікті тұрғындарды нендей мәселелер мазалайды, оның түйінін қалай тарқатуға болады, осыны назарға алған өңір басшысы ауыл-ауылдарды аралап, халықпен жүздесіп, кездесулер өткізеді. 

Қанат ЕСБОЛАТОВ, Кербұлақ ауданының әкімі:

– Біз баспасөзге жазылу науқанын бастап кеттік. Қазір осы бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Халық барлық жаңалықтан осы баспасөз арқылы хабардар болады. Сондықтан ол елге қажет. Уақыт болса, газетті бір шолып шығамын. Өйткені, ол  – ел өмірінің айнасы. Олай болса, жер-жерлердегі оң өзгерістерге жұртпен бірге қуанып, қазақ басылымдарын қолдап отырған көзіқарақты оқырманымыздың қатары толыға түскей деп тілейміз. Газет қашанда «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» қызметін атқарған. Қай уақытта, қай қоғамда да жұртты ақпаратпен сусындатқан басылымдар ел сұранысына ие. Сондықтан, ұлт рухының ұраншысына, әрбір Алаш баласының жансерігіне айналған сүйікті газетімізге жазылу мәртебелі іс деп білемін. 

Әкімнің жер-жерлерде орын алған кем-кетіктердің қалпына келтіріліп, сын-ескертпелердің уақытылы шешімін табуы үшін ел ішінен белсенді азаматтар сайланған. Олар ауылдағы жағдайды үнемі қадағалауда ұстайды және әкімге тікелей қоңырау шалу мүмкіндіктері бар. Яғни, бұл әкімнің ауылдағы әртүрлі жағдайдан дер кезінде хабардар болуына мүмкіндік туғызады және жұмысының нәтижелі жүруіне оң ықпалын тигізеді. Өздеріңізге белгілі, ауданда ауызсу мәселесі өзекті және бұл облыс әкімінің назарында. Бұл іс қазір кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. Осыны ретке келтіру мақсатында былтыр жөндеуді қажет ететін су құбырларын жаңалауға 214 миллион теңге көлемінде қаражат бөлініп, бүгінде бұл жұмыстардың  85-90 пайызы аяқталған. 

Алдағы уақытта тағы 108 шақырым су құбырлары кезең-кезеңімен ауыстырылады. Оны жүргізуге қомақты қаражат та қарастырылған. Қазір осы бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Әкімнің сөзінше, аталған жұмыстар уақытылы әрі сапалы орындалып, түпкілікті шешімін тапса, ауызсудан таршылық болмайды.      

Облыс әкімінің қолдауымен биыл 108 нысанға жөндеу жұмысын жүргізу үшін қажетті қаражат бөлінген. Нәтижесінде Жоламан ауылындағы Мәдениет үйі жөнделіп, қазір мұндай жұмыс Қарашоқы ауылындағы мәдени нысанда жүргізілуде. Басши ауылында күрес залы ашылып, Сарыөзекте спорттық стадион, жаңа саябақ пайдалануға берілген, басқа да жұмыстар ретімен атқарылуда. 

Ауданда жыл өткен сайын демографиялық ахуал жақсарып келеді. Демеушілердің көмегімен биыл көпбалалы 10 отбасы баспаналы болу бақытына ие болған. Өңір басшысының елмен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізуінің арқасында олардың жергілікті билік өкілдеріне деген сенімі артып, көзқарастары өзгерген.   

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Суретті түсірген  Руслан ҚАДЫРОВ